» » ЖАРЫСТАН ЖҮЛДЕ АЛМАСАМ СПОРТҚА ЖОЛ ЖОҚ

ЖАРЫСТАН ЖҮЛДЕ АЛМАСАМ СПОРТҚА ЖОЛ ЖОҚ

Диана ҒАЙБУЛЛА, САМБОДАН ӘЛЕМ БІРІНШЛІГІНІҢ ЖҮЛДЕГЕРІ
  Жаңақорған ауданында Түгіскен деген ауыл бар.  Көпшілік бұл ауылды спортпен таниды. Халқының басым бөлігі саламатты өмір салтына ден қойған. Әсіресе, ауыл жастарының күрес, самбоға қызығушылығы басым. Спорт тарихында ауылдан алғаш түлеп ұшқан Мереке Құдайбергенованың есімі жер жарады. Ес білгелі спортқа етене араласқан аруда Олимп жүлдесінен басқасының барлығы бар. Құдайбергенованың Олимпиадаға жолы түспей жүр. Бармауға себеп те жоқ емес. Өздеріңізге белгілі, Самбо Олимп ойындарының бағдарламасына енбей қалған қызықты спорт түрі. Егер төрт жылдықтың басты додасына ене қалса, Аққорған арулары атой салары сөзсіз. Мерекенің жеңісті жолы ауылдың кейінгі толқынына үлгі-өнеге. Бүгінде Құдайбергенованың қатарына қосылып, жаттығу жасаушылар көбейген. Соның бірі – Диана Ғайбулла. Кәмелеттік жасқа жаңа толған саңлақтың сан түрлі жетістігі бар. Қазанның соңғы аптасында Диана жаһан біріншілігінен жүлде салды. Жағымды жаңалықты естіп, қайсар қызды қаладан  ауылына іздеп бардық. Ұзақ жол жүріп, әлем біріншілігінің жүлдегері атанса да, кейіпкеріміз спорт залда жаттығу жасап жүр. Мұнысын біз жақсылыққа баладық. Бастысы, тынымсыз еңбектің арқасында жемісті жол жалғасарын саңлағымыз сезгендей. Бізді көргеннен бапкерінің рұқсатымен аздаған үзіліс алып, аз-кем сауалымызға жауап қатты.
– Диана, әлем біріншілігінен алған жүлдеңіз құтты болсын!
– Рақмет.
– Тблиси төріндегі аламанды тарқатып айтсаңыз...
– Бұл жарысқа өзімді қатты дайындадым. Ауылға әлемнің алтынын алып келемін деп мақсат қойдым. Күнделікті екі мезгіл жаттығуды үдетіп, дала түн жамылғанда қайтып жүрдім. Оның үстіне әлемге алғаш шығуым. Ұшаққа отырғаннан жауапкершілік жүгі одан сайын арта түсті. Іште аздап қорқыныш та пайда болды. Спортшылар үшін климат ауыстыру қиынға соғады. Бұл мәселе көбіне кедергісін келтіреді. Сол себепті кейбіреуі жарыс басталмастан ерте орнығады. Дегенмен бізді бұл мәселе алаңдатпады. Жеребе тартылған сәттен ойымнан артық нәрсенің барлығын шығарып тастадым. Таң атысымен  спорт кешенге бет бұрдық. Алғашқы қарсылас поляк спортшысы. Бұрын соңды әлемдік аренада күш сынаспағасын көбісінің әуселесін біле бермеймін. Сондықтан татамидегі текетірес қызықты өрбіді. Ет пен ағарған ішкен соң өзгеден физикалық әл қуатың жоғары болады екен. Осының арқасында еуропаның еңселі балуандарын оңай еңсердік. Жартылай финалға дейін қарсыласты "қалпақпен" ұрып алдық. Ақтық сынның жолдамасын жергілікті спортшымен сарапқа салдық. Татамиге Ана Утрузашвили деп хабарлаған сәттен жанкүйерлер спортшының делебесін қоздырып, жарыс жолына шығарып салды. Бұған қорқып тұрған мен жоқ. Лезде жақындап, айқасты бастап кеттік. Алғаш болып ұпайды мен еншіледім. Қатарынан 4 әдіс жасап, 4 ұпай алдым. Аренадағы жанкүйерлер жым-жырт. Сенімді саңлағы орта жолдан тайды деген емеурін танытқандай. Ойда жоқта 4 ұпайлық әдіске түсіп қалдым. Қызықтың көкесі осы жерден басталды. Таразы басы теңескен соң текетірес одан сайын қиындай түсті. Кездесу аяқталуға санаулы сәттер қалғанда ұпай еншілейтін әдіс жасадым. Ойымдағы есеп 5-4. Бірақ мен ойлаған есеп тіркелмеді.  Төреші татами қожайынының қолын көтергенде, көзден бір үзік жас төменге сырғи түсті. Ауылдағы арман аяқсыз қалғандай. Әділетсіздікті байқаған бапкерім жұбатып, жұбаныш белдесуіне мотивация беріп әлек. Ендігісі қола. Қоланы, қолдан жіберсек ауылдағы ағайын мен елдегі жанкүйердің сеніміне селкеу түсіргендей күй танытамыз. 10 минут үзілістен кейін бозкілемге қайта шақырды. Дыбыстық күшейткіштен атым аталғасын аренадан қошемет соғылды. Қазақ қызының жеңілмегінін жергілікті жанкүйерлер де растағандай. Лезде қалпыма қайта келіп, бозкілемге беттедім. Қарсыласым Армения елінің өкілі. Екеуара тартыс менің жеңісіммен аяқталды. Есеп 6-2. Осылайша әлемдік аренадағы алғашқы аламан үздік үштікпен түйінделді.
– Дзюдо мен самбоның ережесі бір-біріне сәйкес келгеннен болар, дзюдошыларды самбо сайыстарынан жиі кезіктіреміз. Сізді жапон жекпе-жегінен көріп қалуымыз мүмкін бе?
– Дзюдо спортының ережесінен хабардар болсаңыз, залда жасалып жатқан жаттығудың көбі сол спорт түріне негізделген. Құдай сәтін салса дзюдодан Елордада Қазақстан чемпионатында тұңғыш рет бақ сынамақшымын. 18-ге жаңа толсам да ересектермен шаршы топқа түсемін. Бұл тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік береді. Дегенмен дзюдомен көп шұғылданамын деп айта алмаймын. Себебі, менің күресу мәнерім тек самбоға тән. Бапкерлерім Алмат Әбдіназаров пен Әбсаттар Сыздықов және Мереке Құдайбергенованың ақыл кеңесіне көп жүгінемін. Олимпты көру – ауыл спортшыларының арманы. Сол себепті дзюдоға қадам бастым.
– Қаражаттың жоқтығынан жол түспеген жарыстарыңыз бар ма?
– Қаражаттың қай нәрседе де рөлі басым. Бір де бар, бір де жоқ. Шүкір қазір жағдайымыз бұрынғыдан едәуір жақсы. Бастысы, қолдау бар. Бабың келіссе барам деген жарысыңа барасың. Мансабымда бара алмай қалған жарыс жалғыз. Биыл Моңғолиядағы Азия чемпионатынан қалыс қалдым. Әлем біріншілігімен қатар келген сайысқа барғым-ақ келген. Бірақ бапкерлерім Грузияға баруға кеңес берді. Оның үстіне Азиядан әлем біріншілігінің статусы жоғары.
– Үйдегілердің қарсылығымен ше?
– Анам спортқа қатысқаннан бері қарсы болды. Спортпен айналысқанша үйдің тіршілігін түгенде деп сөгетін. Жарысқа барамын десе төбе шашы одан сайын тік тұрады (Күліп). "Бармайсың" деген бір ауыз сөзден басқа артық сөйлемейді. Арамызға Мереке Құдайбергенова әпкем түседі. Мерекенің сөзін ауылдағылар жерге тастамайды. Анам да соның қатарынан. Әйтеуір әпкемнің арқасында сытылып шығамыз. Бұл сәт әр жарыстың алдында болатын үйреншікті нәрсе. Шынымды айтайын, әлем чемпионатына аттанар сәтте анам "жарыстан жүлдемен оралмасаң, спортты түбегейлі қоясың" деген. Әлгінде айтқан бір үзік жас соның салдарынан шықты. Барған жарысымнан жүлде алмасам спортқа жол жоқ болатындай көрінеді.  Әлем жүлдегері атанған соң қазір қызын қолдайды.
– Диана, уақыт бөлгеніңізге рақмет, жеңісті жолың көп болсын!
– Әумин! Саңлағын іздеген басылымға алғыс білдіремін.
Әңгімелескен
Ерасыл ШӘРІБЕК
01 қараша 2018 ж. 1 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930