Сырдарияда жаңадан спорт нысаны ашылды
«30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» мерекесіне орай Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылдық округінде жаңадан спорт нысаны ашылды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, аудан әкімі Ғ.Қазантаев, аудандық мәслихат депуттаттары, ауыл тұрғындары мен спортшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Спорттық сауықтыру кешенінің ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов спорттың бұқаралық сипатын дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– «Жаны сергектің – тәні сергек». Бүгінгі заманның талабы бойынша тек дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Бұл жайында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында ұлт денсаулығына терең мән беріп, бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың үлесін арттыру жөнінде міндет қойды. Осы орайда дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, типтік жобадағы спорттық нысандар салу негізгі мәселе. Ол үшін елімізде барынша жағдай жасалып, шаралар қабылдануда. Біздің облыста бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді. Спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстардың арқасында Сыр өңірі халқының спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Бүгін міне, Ақжарма ауылында Елбасымыздың бастамаларын жалғастыру мақсатында толық серіктестігі мемлекет пен жеке меншік әріптестігінің аясында осындай заманауи үлгідегі спорт кешені салынып отыр. Бұл біздің аймақ экономикасының өркендеп келе жатқандығының дәлелі,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Нысанның ашылу салтанатында жас спортшы Жанерке Асқарова алдағы уақытта спорт саласында биік белестерді бағындырып, Сыр өңірінің абыройын асқақтатуға уәде берді. Еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрман Ысқақов атқарушы билік өкілдеріне ауыл халқының атынан шынайы алғысын білдірді.
Айта кету керек, ауданда 10 630 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш тұрғындардың 27,2 пайызын құрап отыр. Аудан бойынша 128 спорт нысандары жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың 6 айында барлығы 137 спорттық шара өтіп, 13 140 аудан тұрғыны тартылды.