МӘРТЕБЕЛІ АТАҚ МОДРИЧТЕ
Парижде «Франс футбол» журналының сауалнамасы бойынша өтетін "Алтын доп 2018" байқауының жеңімпазы анықталды. Соңғы 10 жыл бедерінде Криштиану Роналду мен Леонель Мессидің қолына кезек-кезек өткен "Алтын допты" бұл жолы Хорватия құрамасының капитаны Лука Модрич алды. "Реалдың" жартылай қорғаушысы мұндай мәртебелі атақты иемденген тұңғыш хорватиялық футболшы. Ол 2018 жылы өз құрамасымен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, «Реал» командасымен Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Сауалнама бойынша екінші орынды Криштиану Роналду, үшінші орынды Антуан Гризманн, төртінші орын Килиан Мбаппеге бұйырыпты. Ал атақты аргентиналық шабуылшы Леонель Месси үздік бестікті қорытындылады.
Сонымен қатар биылдан бастап «Франс Футбол» журналы 21 жасқа толмаған футболшылар арасында да жылдың үздігін анықтады. «Раймон Копа» атындағы жүлдені еш талассыз Килиан Мбаппе еншіледі. 20 жастағы жас талант Әлем чемпионы атанып қана қоймай, жаһандық мундиальде 3 гол соғып та үлгерді.
Айта кетейік, биылғы марапатта тағы бір жаңашылдық пайда болды. Енді бұдан былай жігіттермен жарыса нәзік жандылар да «Алтын доп» ала бастайтын болады. Алғаш болып марапатқа қол жеткізген Норвегия құрамасының шабуылшысы Ада Хегерберг «Алтын доп» иеленген алғашқы әйел ретінде тарихта қалды.