КЛОПТЫ КЕРЕК ЕТПЕДІ...
2008 жылы Юрген Клопп дортмундтық «Боруссия» клубын жаттықтырып жүрген кезде оған қызығушылық танытқан клубтар аз болмаған. Олардың қатарында «Бавария» да бар. Бірақ олар әдепкі ойыннан бас тартып, Юрген Клинсманнды шақырды. Клоппқа ұсыныс тастаған екінші клуб – «Гамбург» еді. Алайда олар да түптеп келгенде ойларынан айнып, Мартин Йолды қызметке алады. Бұл жерде клуб басшылығы олардың тәжірибесі мен біліктілігіне емес, Йолдың сәнді киінетініне, өзін салмақты ұстайтынына назар аударған. «Мені неліктен шақырмағанын білдім. Клуб басшылығында отырған адамдардың бірі кандидатурамды қолдаса, бірі қолдамаған. Сосын олар футболшылардың мені сыйламайтыны жайлы газеттен оқып қалыпты-мыс. Шын мәнінде олай емес. «Майнцте» жұмыс істеп жүргенімде футболшылар менің достарым болды. Кейін мен «Гамбургке» қоңырау шалып, оларға барғым келмейтінін айттым. Менің мінезім мен табиғатым туралы күмәнданатын жерде жұмыс істей алмаймын» дейді Клопп. Клоппқа скауттар да көз қырын салмаған. Олардың айтуынша, Юрген жыртық джинсы киіп, қырынбай, үнемі жаттығуға кешігіп жүретін болған. Сондай-ақ тым жеңілтек ойлайды екен. Мұндай адам командадағы тәртіпті қалыптастыра алмайды деп түсінген. «Футболда жұмыс істейтін кез келген адам бұл менің стилім екенін түсінуі тиіс. Мені кешігеді деп айыптайтындар да оңбай қателеседі. Себебі мен жауапкершілікті жақсы түсінетін, айтқан сөзінде тұратын адаммын» дейді. Бұл уақытта «Гамбургті» Йол жаттықтырған. Бір жыл жұмыс істеп, Германия кубогының финалына шығып, чемпионатты бесінші сатыда аяқтайды. Сөйтіп мансабын «Аякста» жалғастырады. Бұл уақытта Клопп пен «Боруссия» бірлесе нәтижеге қол жеткізе бастаған. Ал «Гамбург» бірде турнир кестесінің төменгі жағына сырғып, бірде көтеріліп, тұрақсыздыққа ұшырайды. Ақыры 2017/18 жылғы маусымда «Гамбург» бундеслигадан ұшып кетті. Ал Клопп болса АПЛ-да «Ливерпульді» чемпиондыққа жетелеп келе жатыр. Юрген «Боруссиямен» екі рет Германия чемпионатын (2011, 2012), бір рет Германия кубогын (2012), екі рет Германия суперкубогын (2014, 2015) жеңіп алып, 2013 жылы Чемпиондар лигасының финалына шықты. «Ливерпульге» келген жылы-ақ команданы Еуропа лигасының, Футбол лигасы кубогының және ЧЛ-дың финалына шығарды.
Ерасл Шәрібек