» » МАҚСАТЫМ – ТОКИОДА ТОП ЖАРУ

МАҚСАТЫМ – ТОКИОДА ТОП ЖАРУ

Тұрсынбай ҚҰЛАХМЕТ, бокстан Азия ойынының жеңімпазы

Сәуір айында спорттың жазғы түрінен Азия ойындары өтті. Телеарнадан тікелей көрсетілім болмаса да,  көпшілік ғаламтордың көмегімен Ел спортшыларының өнерін тамашалады. Назарымыз Бангоктегі бокс кешіне ауғанын жасыра алмаймыз. Себебі Азия біріншілігінде қос бірдей жерлесіміз бақ сынады. Бірі – Тұрсынбай Құлахмет, бірі – Қамшыбек Қоңқабаев. Екеуіне де сәттілік серік болды. Бабы мен бағы жанған Тұрсынбай  Азияның алтынын ауылына әкелсе, Қамшыбек күміспен күптелген еді. Екеуі шаршы алаңға шыққан сәттен жастар басылымы оқырмандарға Бангоктегі бар жаңалықты ұсынған болатын. Сондықтан  Тұрсынбай Құлахмет Сыр өңіріне келісімен "Ақмешіт жастары" басылымына алғаш болып сұхбат берді.
– Тұрсынбай, Азия біріншілігінде топ жарғаныңа қуаныштымыз!
– Рақмет!

– Азия чемпионатына оралайықшы, өзіңіз өнер көрсеткен салмақта ең қиын кездесу ширек финалда өткен сыңайлы. Оның үстіне қарсыласыңыз  Исраил Мадримов кәсіпқой бокста да қолтаңбасы бар көрінеді...
– Әрине, қиын болды.  75 келіде 36 елдің кіл мықтылары қатысты. Сондықтан бір ғана кездесуді бағалап қойғанымыз жарамас. Бірақ өткізген 5 кездесуімнің ішінен ең сәтсіз қарсылас ретінде санағаным абзал. Кәсіпқой бокста шыққанынан хабардар едім. Бұрын соңды жеткен-жетістігі де бар екен. Осы уақыт аралығында 69 келіде сынға түсіпті. 75-ке ауысқанына көп бола қоймаған сыңайлы.  Қандай қарсылас болмасын жоғары дайындықпен шығамыз. Шаршы алаңда барымды салдым, төреші қолымды көтерді. 
– Ақтық сындағы текетірес қалай болды? Азияның алтыны оңайлықпен келмеген болар...
– Финалға жеткен қос спортшы да алтын жүлдені өзімен бірге ала кетуіне жұмыс жасайды. Сондықтан соңғы қадам алғашқысынан да қиын болады.  Ақтық сындағы қарсыласым Үнді елінің саңлағы болды. Жекпе-жек мен ойлағаннан да қиын болды. Дегенмен  тактикалық тұрғыда қарсыласымнан жоғары болдым.
– Спортшыларға климат ауыстыру қиынға соғатынынан хабардармыз. Тайландта бұл мәселе туындаған жоқ па?
– Ұлттық құрама Азия ойынына дайындығын Алматыда жүргізді. Көктемнің басы болған соң бізде күн райы салқындау болатын. 10 градустан әрі аспайтын сәтте жаттығу жасадық. Тайландқа табанымыз тигенде ауырсындық. Ол жақта барлық мезгілде күн ыстық болады екен. Салқын жақтан, ыстық жаққа бірден топ ете қалдық. Бапкерлеріміз тәжірибелі мамандар ғой. Климатқа сіңісу үшін Бангокке үш күн ерте келдік. Табиғатымен танысып, бірте-бірте бойымызды үйреттік. Кейіннен 35 градус ыстыққа тез сіңісіп кеттік.
– Көпшілік 2017 жылы Бакудегі Ислам ойындарының жарысы Тұрсынбай Құлахметтің бағын ашты дейді. Сол жарыстан кейін әлемдік ареналарға шыға бастапсыз...
– Иә, Бакудегі жарыс ұлттық құрама қатарына қосылуға алтын көпір іспеттес болды. Бір жағынан Баку ең ірі халықаралық жарысымның алғашқысы болды. Осы жарыстан кейін бапкерлер назарына ілігіп, құраманың оқу-жаттығу жиынына шақырту алдым.  Кешегі Азия ойыны ең ірі сапарымның екіншісі болатын.
– Жалпы 75 келі салмақта ішкі бәсекелестік қандай? Өзіңе қай боксшы лайықты қарсылас деп айта аласың?
– Ішкі бәсекелестік барлық салмақта өте жоғары. Кез келген боксшы халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғауға дайын. Ал менің салмағымда маңғыстаулық Ерік Әлжанов, жамбылдық Әбілхан Аманқұл, жас боксшылар Тимур Нұрсейітов, Ермахан Жакпеков бар. Бұлардың біреуі жас, екіншісін «қалпақпен ұрып алам» деуге болмайды. Ұлттық құрамаға деңгейі төмен боксшылар қабылданбайды ғой. Әрқайсысы лайықты қарсылас бола алады.
– Кей оқырмандарымыз өзіңнің  боксқа қалай келгеніңнен бейхабар. Жалпы қазіргі деңгейіңе жету үшін қандай белестерден өттің?
– Бұрын өзі боксқа қатысқан әкем Молдахмет Қызылордадағы №197 мектепте алғашқы әскери дайындық мұғалімі болып жүріп, бокс секциясын ашқан. Сол секцияға әкем мені сегіз жасымда жетектеп апарды.
5 сынып оқып жүргенімде Аралда өткен республикалық турнирге қатысып, бірінші орын алдым. Осы турнир менің жеңісімнің басы болды. 8 сыныпта Якутияда өткен Еуразия ойындарына бардым, мұнан да 1 орын иелендім. 2010, 2011 жылдары жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атандым.
– Өзіңді әлі қай жағынан жетілдіре түсу керек деп ойлайсың?
– Физикалық тұрғыдан әлі де жетілуім тиіс. Мұны кешегі Азия ойындарында да байқадым. Бапкерлерім осал тұстарымды айтып, сол бойынша жұмысты бастап кеттім.
– Бокстан Қазақстан құрамасының алтын дәуірі деп қай кезеңді айтар едің?
– Еліміз үшін бокстың орны ерекше. Жарыстың жоғары санаты саналатын Олимпиада ойынында спорттың осы түрінен қоржынымыз бос қайтпаған. Сондықтан біздің елде боксқа көзқарас ерекше. Әлемнің үздік үштігіне енетін құрамамыз 1996 жылғы Олимпиададан бастап алтын алып келеді.  Егер нәтижеге қарайтын болсақ, 2000 жылғы ұлттық құрамамыз мықты болды. Баршаға белгілі, Сидней Олимпиадасында боксшылар екі алтын және екі күміс медаль иеленді. Ол кездегі боксшылардың шоқтығы мен үшін әрқашан биік. Ал медаль саны аз болды демесеңіз, 2016 жылы Рио Олимпиадасына барған құраманы алдыңғылардың сапына қосар едім. Себебі төрешілер бұрмаламай, әділ төрелік еткенде Қазақстан құрамасы елге бір емес үш алтын жүлдемен оралатыны анық-тұғын.
– Еліміздің мықты былғары қолғап шеберлері Қызылордаға келіп, спартакиада сынында бақ сынады. Осы бәсекеде жерлестерімізді жарыстың биік сатысынан байқай алмадық. Жалпы Қызылорда боксының болашағын қалай елестетуге болады?
– Иә, спартакиада сынында облыс боксшылары бір күміс және бір қоламен шектелді. Мұнымен біздің аймақ төмен деуге болмайды. Кейбіріне сәттілік серік болмады.  Әлем чемпионатының күміс жүлдегері шыққан Қызылорда боксын ешкім осал дей алмайды. Бүгінде қызылордалық боксшылар жақсы танылып келеді. 2013 жылы болар, «Төрт астана турнирінде» Орынбор, Алматы, Астана бокшыларын ұтып, жерлестеріміз бас жүлдені алған болатын. Бұл мықтылығымыз емес пе? Ғалым Байғондиев, Жәмил Жүсіпов секілді тамаша бапкерлеріміз бар.
– Тұрсынбайдың бокстағы статистикасын сөйлетсек.
– Шаршы алаңдағы кездесулердің нақты санын білмеймін. Бірақ алған медальдарымның саны 250-ден аса.
– Кәсіпқой боксқа қызығушылығыңыз жоқ па?
– Бірден айтайын, кәсіпқой боксқа ауысуға ниетім де, құлқым да жоқ.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Бұйыртса, алдымда әлем чемпионаты мен 2020 жылғы Токио олимпиадасына қатысу мақсаты тұр. Осы екі әлемдік додада қазақтың көк туын биікке көтерсем деген арман бар.
 Сұхбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
14 мамыр 2019 ж. 995 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031