БОЛГАР БАПКЕРЛЕРІ БІЛІКТІ МЕ?
Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың барлығы бас бапкерлерін тағайындап болды. Премьер-лигадағы 12 клуб түгелдей бас бапкерлерін бекітіп, жаңа маусым дайындығын бастап кетті. Биыл Болгария бапкерлерінің саны біреуге артты. Қазір премьер-лигадағы төрт клубымызды осы елдің мамандары жаттықтырады. «Астананың» бапкері Стойлов қатарынан төртінші рет ел чемпионы атанып, болгариялық басқа да бапкерлерге жол ашты. Испания жаттықтырушыларының саны екеу болды. Сонда Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың тең жартысын Еуропа өкілдері баптайтын болады. Бір қызығы, дәл қазір Қазақстан премьер-лигасындағы төрт команданың бас бапкерлерінің есімі – Владимир. Әрі олар – әр елдің азаматтары. Атап айтқанда, Никитенко – Қазақстан, Муханов – Ресей, Журавель – Беларусь, ал Мазяр – Украина. Қуаныштысы, биыл отандық мамандардың да саны артып отыр. Әзірше үш команданың тізгіні – өз жаттықтырушыларымыздың қолында. Ал өкініштісі, ҚПЛ-да бірде-бір қазақ бапкері жоқ. Қандастарымыз бірнеше клубта бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарып жүр.