» » АҚ ОЛИМАПИАДА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

АҚ ОЛИМАПИАДА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН


XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Нақтырақ айтсақ, байрақты бәсеке 2018 жылы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. 4 жылда бір рет алауы тұтанып, жалауы желбірейтін Олимпиада ойындары әлемдік спорттың ең биік шыңы саналатыны баршаға аян. Дүбірлі дода спортшылар үшін өз деңгейлерін анықтап, қарым-қабілеттерін көрсететін үлкен сынақ іспетті. Әрине, біздің ел бұл жарыста басты фаворит саналмаса да жоғарғы нәтиже көрсетуге барынша күш салмақ. Бұған дейінгі жеткен жетістікті, көрсеткішті жақсарту Қазақстан құрамасының басты міндеттерінің бірі. Ал Норвегия, АҚШ, Финляндия, Канада, Германия, Польша, Швеция сынды қысқы спорт ойындары қарқынды дамыған мемлекеттер алғашқы үштікке таласатын үздік құрамалар екені сөзсіз. Жарыс қожайындары Оңтүстік Корея да жоғарғы орыннан көрінуді мақсат тұтып отыр. Қалай десе де, байрақты бәсекенің бәсін арттырып, көрігін қыздырар оғландар ел намысы сынға түсер шешуші сәтте аянып қалмасы анық.
Олимпиадаға әлемнің 80 елінен 5000-ға жуық спортшылар мен ресми тұлғалар қатысады деп ­жоспарлануда. Барлығы 15 спорт түрінен 102 ­медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның спорттық делегациясы 9 спорт түрінен сынға түседі. Олар: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, шаңғымен секіру, фристайл (акробатика, могул). Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 23 Олимпиадалық лицензияға ие: Биатлон – 10, мәнерлеп сырғанау – 3, шорт-трек – 10. Лицензия алу 2018 жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады. Бұл көрсеткіш Олимпия ойындарына дейін әлі де өсуі мүмкін.
Бұл – Олимпиаданың өзгелерден бір ерекшелігі қаладағы спорттық нысандар бір-біріне өте жақын орналасқан. Нақтырақ айтсақ тарихтағы ең ықшам қысқы ойындар. Пхёнчхандағы Олимпиада Сочидегі тұжырымдамаға сәйкес ұйымдастырылады: жарыстар тау және жағалау кластерлерінде өтеді. Пхёнчхандағы аламанның жүрегі болатын орталық алаңнан кез келген басқа нысанға жарты сағат ішінде баруға болады. Төртжылдық додаға қатысушылар Альпенсия, Енпхен, Феникс-Парк тау-шаңғы курорттарындағы және Каннын қаласындағы қонақүйлерге жайғасады. Тау кластері шаңғы спорты, биатлон, бобслей, шанамен сырғанау және скелетоннан өтетін жарыстарды қабылдайды. Мұнан бөлек Олимпиада – 2018-дің ашылу және жабылу салтанаттары өтетін стадион да осында орналасқан. Жағадағы кластерде хоккей турнирлері, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау мен керлинг ұйымдастырылады. Алдағы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының екі негізгі маскоттары – Сухоран деп аталатын Ақ жолбарыс және Бандаби қара аюы. «Pyeongchang-2018» ұйымдастырушылар комитеті бұл бейнелерді сәттілік әкеледі деп үміттенеді.
Осы кезге дейін 7500 алаушы тоғыз Оңтүстік Корея провинциясына және сегіз ірі қалаға жеткізеді. Олимпиада алауының дизайны мен мыңдаған шамдарды жергілікті танымал мүсінші және сәулетші Ким Юн Се әзірлеген.
Олимпиада алауы эстафетасы дәстүр бойынша Грекияда 2017 жылы 24 қазанда өтті. Алғашқы алаушы грек шаңғышы Апостолос Ангелис. Грекиядан шыққан алауды «Манчестер Юнайтед» ағылшын клубының бұрынғы футболшысы және оңтүстік кореялық Пак Джи Сунг қабылдады. Грекия аумағында эстафета жеті күн, ал 31 қазанда Афинадағы «Панатинаикос» стадионында Олимпиада алауы 2018 жылдың 9 ақпанында Пхёнчхан қаласында өтетін ойындардың ұйымдастыру комитетінің өкілдеріне тапсырылады.
Бас бапкерлер мен жаттықтырушылар қазақстандық спортшыларға үлкен үміт артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұқбаттарында спортшылардың дайындықтары туралы айтып, қазіргі таңдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында табандылық танытып жүлдеге іліну керегін де тілге тиек етті. Коньки тебу спортынан Қазақстан Республикасының бас бапкері Вадим Саютин алдағы уақытта команда жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенімді.
 «Олимпиада ойындары кез келген спортшының ғұмырындағы ең басты спорт жарысы. Сондықтан олар сол ойындарға ерекше дайындалады. Қазір басты мақсат – Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадаға іріктеліп жолдама алу. Ал олимпиадалық ойындарда жақсы нәтиже көрсету үшін біз барымызды саламыз» дейді қазақстандық конькиші Денис Кузин.Танымал «Gracenote» статистикалық агенттігі 2018 жылы Пхёнчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына болжам жасады. Статистикалық агенттіктің сараптауы бойынша Оңтүстік Корея жерінде норвег спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алады екен. Агенттік сарапшылары Скандинавия түбегінің өкілдері бұл додада 15 алтын, 11 күміс, 14 қола медаль еншілейді деп топшылады. Сондай-ақ алғашқы үштікке Германия (13 алтын, 11 күміс, 10 қола) мен АҚШ (10 алтын, 11 күміс, 11 қола) құрамалары енеді деп болжаған. 2018 жылғы қысқы Олимпиада Франция құрамасы үшін табысты болмақ. Сарапшылар француз құрамасының жетістігін Мартен ­Фуркад (биатлон) пен Мари Дорен-Абер (биатлон) есімімен байланыстырып отыр.
«Gracenote» статистикалық агентігі 2018 жылғы Олимпиадада 29 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп топшылауда (соңғы үш Олимпиадада тек 26 елдің спортшылары жүлдегер атанған). Ал бұл қатарда Қазақстан құрамасы жоқ. Сондай-ақ Сочи Олимпиадасында жүлде алған Хорватия мен Украина елдері де жүлдесіз қалады деп болжаған.
Ал біздің болжамымыз, сенім артқан саңлақтарымыз XXIII қысқы Олимпиада ойындарында кемінде 4-5 жүлдеге қол жеткізуі әбден мүмкін. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мен жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаеваға үміт артамыз. Ел мақтаған Айза Имамбек те жүлдеге талас үшін барын салары анық. Шорт-тректен ерлер арасында Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғалиев, Денис Никиша және қыздар арасында Йонг Ким, Анастасия ­Крестовалар да ел қоржынына олжа салар талантты спортшылар. Бағы мен бабы келіссе, ел мерейін асқақтатар саңлақтарымыз көп-ақ. Екатерина Айдова мен Роман Креч те біз үшін үздік спортшылар қатарында. Олардың әлемдік додада атой салып жүргенін талай мәрте көзіміз көрген. Дегенмен, Олимпиаданың орны бір бөлек. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран спортшылар өз елінің абыройы үшін жарыс жолында жүлдесіз қалмасы анық.
25 қаңтар 2018 ж. 1 278 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031