Месси "Алтын доп" жүлдесін алтыншы рет жеңіп алды
Испаниялық "Барселона" мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси France Football журналы ұсынған "Алтын доп" жүлдесін алтыншы рет жеңіп алды, - деп хабарлайды РИА Новости.
Жүлдені табыстау салтанатты рәсімі Париждегі Шатл театрында өтті. Месси жүлдені мадридтік "Реалдың" хорватиялық жартылай қорғаушысы Лука Модричтің қолынан алды. Бұл жолы хорват үміткерлер қатарына кірмеген.
Еуропадағы ең мықты футболшы атағына барлығы 30 үміткер болды. Мессимен бірге үздік үштікте "Ливерпульдің" голландиялық қорғаушысы Вирджил ван Дейк (екінші орын) және италиялық "Ювентустің" шабуылшысы әрі "Алтын доптың" бес дүркін иегері Криштиану Роналду болды (үшінші орын). Айта кетейік, Роналду бұл шараға қатыспаған. Оның орнына Роналду Миланда өткен маусымның қорытындысы бойынша италиялық футболдағы үздіктерді марапаттау гала-салтанатына аттаныпты. Sport Mediaset мәліметінше, португал Париждегі гала-кешті елемеуге шешім қабылдаған, себебі ол "Алтын допты" "Барселонаның" форварды Лионель Месси алатынын білген. Бұл кеште "Юве" ойыншысы 2018/19 маусымының үздік футболшысы ретінде сыйлық алады. "Алтын доптың" биылғы иегері бұған дейін 2009, 2010, 2011, 2012 және 2015 жылдары жүлдені алған.
Айта кетейік, "Алтын доп" 1956 жылдан бері France Football-дың ұйымдастыруымен Еуропадағы үздік футболшыға беріледі. 2010 жылы ФИФА мен France Football "Алтын доп" пен "ФИФА жыл ойыншысы" жүлделерінің біріккенін хабарлады. 2016 жылы қыркүйекте France Football ФИФА-мен серіктестігінің тоқтатылғанын хабарлап, жылдың үздік ойыншысын анықтаудың бастапқы жүйесіне оралды.