Сырдариялықтар республикалық турнир жеңімпазы атанды
Тараз қаласы Талас ауданы әкімінің жүлдесіне арналған индор хоккейден ерлер мен қыздар арасында өткен республикалық турнирде жерлестеріміз жүлделі оралды. Ерлер арасында «Қайсар» командасы турнир жеңімпазы атанса, қыздар командасы күміс жүлдені иеленді. Турнирде ерлер арасында «Үздік қақпашы» номинациясымен Бақытбек Сәрсенбайұлы, қыздар арасында «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясымен Диана Маратжанова марапатталды.
Спортшылардың алдағы жоспары - үстіміздегі жылдың 5-12 ақпан аралығында Германияның Берлин қаласында индор хоккейден өтетін Әлем чемпионатына қыздар құрамасы қатысса, 20-29 наурыз аралығында Алматы облысында болатын ҚР чемпионатында ерлер және қыздар командалары облыс намысын қорғайды.
Команданы жарысқа индор хоккейден және көгалдағы хоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин дайындады.
Айта кетейік, ал көгалдағы хоккейден 5-15 наурыз аралығында Иорданияның астанасы Амман қаласында өтетін Азия чемпионатына облысымыздан тоғыз спортшы Қазақстан құрама сапында өнер көрсетсе, жоғарғы лига командалары арасындағы Ресей федерациясының ашық чемпионатында «Қайсар» ерлер командасы шеберлік байқасады.
Жерлестерімізге сәттілік!