Пхенчхан Олимпиадасына қай ел ең көп спортшы апарады
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарына ең көп спортшы апаратын ел белгілі болды. АҚШ-тың Олимпиада комитеті таратқан мәліметтерге сүйенсек, олар Пхенчханға Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет ең көп спортшы апаратын ел атанбақ. АҚШ Олимпиадада спорттың барлық 15 түрінен бақ сынайды. Жарысқа 242 (107 әйел және 135 ер адам) спортшы жолдама жеңіп алған. АҚШ командасының қатысушылары арасында Олимпиаданың 37 жүлдегері, 10 Олимпиада чемпионы бар. Ал 139 спортшы Олимпиадаға бірінші рет қатысқалы отыр. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алғаны туралы жазған болатынбыз. Қазақстан спортшылары Олимпиадада спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайды. Төрт жылда бір өтетін байрақты дода 9-25 ақпан аралығында өтеді.