» » «ҚАЙСАР»: 31 тамызда жеребе тартылады

«ҚАЙСАР»: 31 тамызда жеребе тартылады

  Биыл «Қайсар» өз тарихында тұңғыш рет еурокубок бәсекесінде бақ сынайды. Аталған доп додасы әлемде жоғары бағаланады. Онда кәріқұрлықтың беткеұстар клубтары жасыл алаң төрінде шеберлік байқасады. Әрбір ммлекеттің үкілеп қосқан үздіктері қатарында өзіміздің «Қайсарды» да көру – біз үшін үлкен мақтаныш. Десе де, дүние жүзінде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты елімізде доп додасы әзірге тоқтап тұр. Командалар ел біріншілігінің қайта жалғасқанын күтіп, оған дайындығын тоқтатқан емес. Қызылордалық клуб та алдағы бәсекелерге әзірлігін тұрақты түрде жүргізіп келеді.
– Былтыр «Қайсар» жігерлі ойынымен жанкүйер көзіне түскені белгілі. Нәтижесін білесіз. Қазақстан кубогын жиырма жылдан кейін төбемізге көтердік, – деді «Қайсардың» директоры Серік Досманбетов. – Бұл бізге еурокубокта бақ сынауға жол ашты. Түсенгеніміз, жауапкершілік жүгі үлкен. Сондықтан жаңа маусымға дайындыққа баса назар аудардық. Жаңа ойыншыларды қатарға қостық. Оны жанкүйерлер жақсы біледі. Десе де, әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты елімізде әзірге футбол біріншілігі тоқтап тұр. Алдағы күндері қайта жалғасын табады деген сенімдеміз. Ал 17 қыркүйекте командамыз Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде тұсаукесер ойынын өткізеді. Бұл біз үшін тарихи күн ретінде сақталатыны сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, биыл аталған доп додасында жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама тағдыры бір ғана ойын нәтижесімен анықталады. Ендеше, сол кездесуде «Қайсар» барын салып, жанкүйер сенімінен шығуға тырысады.
Оның айтуынша, команда Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Футбол – үнемі дайындықты қажет ететін ойын. Әрбір футболшы үнемі бабында болуы тиіс. «Қайсар» 21 шілдеден бастап Шымкент қаласына аттанып кетті. Онда «Биік» сауықтыру кешенінде дайындық барысы пысықталды. Күніне екі мәрте жаттығу жұмыстары жүргізілді. Олимпиадалық комитеттің рұқсатымен карантин режимінің талаптарын сақтай отырып, аталған базада жаттығу жүргізуге болады. Онда карантин режимін сақтауға қолайлы жағдай бар. Өйткені, жатын орын мен жаттығу жүргізетін алаң бір жерде шоғырланған. Ол футболшылардың денсаулығы үшін тиімді. Мамандар мұнда таңертең ойыншылардың физикалық бағыттағы жағдайын назарға алса, кешкісін тактикалық жаттығуға мән берілді. Жергілікті ұжымның бірімен жолдастық кездесу өткізілді.
– Әзірлік барысына көңіліміз толады. Ойыншылардың физикалық жағдайы да жаман емес. Бапкерлер олардың өз бабында болуын қалт жібермей қадағалап отыр. Десе де, әрбір кездесудің маңызы зор деп айта аламын. Ол футболшының шеберлігін арттыра түседі. Тәжірибесі де молаяды. Сондықтан доп додасының қайта жалғасуын бәріміз де асыға күтіп жүрміз. Еліміздегі ахуалға байланысты барлық өңірде спортшылардың алаңда жаттығу өткізуіне тыйым салынғаны белгілі. Сол себепті федерация тарапынан қойылып отырған талап бар. Сондай-ақ, Қазақстан футбол кәсіпқой лигасы еліміздегі кеселге байланысты күрделі жағдайды ескере отырып біріншілікті Алматы немесе Шымкент қалаларының бірінде өткізуді жоспарлап отыр, – деді команда директоры.
Еурокубок пен доп додасы алдында команда құрамы жаңа ойыншылармен толықты. Бұдан бұрын «Ертіс» командасының намысын қорғаған қақпашы Александр Заруцкий енді қызылордалық клубта доп тебеді. Жергілікті футболдың түлегі, шабуылшы Елжас Алтынбеков екі жылдай «Жетісу» сапында ойнап, өз клубына қайта оралды. Елордалық «Астана» құрамынан қорғаушы Дінмұхамед Кашкен келді. Жанкүйер есінде болса, ол Испанияның «Атлетико Мадрид» клубында тәлім алып, жастар тобында тәжірибе жинап қайтты. Ал Ақтаудың «Каспий» клубынан сербиялық тәжірибелі жартылай қорғаушы Александр Станисавлевич келді.
- Жарты ғасырлық шежіресі тасқа басылған «Қайсардың» жоғары жетістігінің бірі ретінде бағаланған Еуропа лигасын өзгелер секілді біз де асыға тосып жүрген жайымыз бар. Швейцарияның Ньон қаласында 31 тамызда беделді бәсекенің екінші сатысы бойынша жеребе тартылады. Бізге қай командалар қарсылас атануы мүмкін? Қарсыластың осалы жоқ. Жарысты екінші сатысынан бастайтын командалар сапында тәжірибелі ұжымдар бар. Атап айтқанда, олардың қатарында Италияның «Милан», Англияның «Тоттенхэм», Германияның «Вольфсбург», Испанияның «Гранада», Шотландияның «Глазго Рейнджерс», Ресейдің «Ростов» секілді белгілі ұжымдар бар, – деді Серік Құттыбайұлы бізбен әңгімесінде.
Қандай кедергі де футболға тосқауыл бола алмайды. Қазір жанкүйерлер теледидар арқылы түрлі ойындарды тамашалауға мүмкіндік алды. Жылма-жыл көпшілік еурокубок бәсекесін асыға күтеді. Биыл да солай жалғасып келеді. Бұрынғы жылдарда қызылордалықтар еліміздің өзге клубтарына қолдау білдірсе, енді өзіміздің командаға жанашырлық танытуына мүмкіндігі бар.
«Қайсар» ойыншылары қай клубпен кездескенді қалайды? Мәселен, қақпашы Марсель Исламқұлов Германияның «Вольфсбургымен» кездесуді қаласа, қорғаушы Елдос Ахметов Арменияның «Алашкерт» және Украинаның «Колос» клубтарымен шеберлік байқассақ, жарыстың келесі сатысына өту мүмкіндігі жоғары болатынын айтады. Ал қорғаушы Ілияс Әмірсейітов «Алашкерт» клубы біз үшін оңтайлы қарсылас екенін атап өтсе, хорватиялық қорғаушы Иван Граф өз елінің «Хайдук» командасымен жасыл алаң төрінде тартысқа түскенін қалайтынын жеткізді. Жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген қайсысымен кездессе де, ел сенімін ақтау үшін аянып қалмайтыны жөнінде ойын білдірді. Тағы бір футболшымыз Думан Нәрзілдаев «Италияның «Миланымен» жасыл алаң төрінде шеберлік байқассақ» дейді.
"Сыр бойы" ақпарат
16 тамыз 2020 ж. 319 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031