АУЫР АТЛЕТИКАНЫҢ ЖАҢА ЖҰЛДЫЗЫ
Спортта тарихи сәттер сирек болатыны белгілі. Алыптар жолдан шығып, бейтаныс спортшылар бәйге алып жататын жайттар спортқа ғана тиесілі құбылыс. Сәл шегініс жасайық. Жыл басында Өзбекстан астанасы Ташкент төрінде толағайлар тартысты бәсекенің көркін қыздырды. Сен тұр, мен атайын деген саңлақтар жарыс жүлдесін сарапқа салды.
Жарыс жолына қазақстандық Рахат Бекболат шыққанда да оның бапкерлері мен жанкүйерлер демін ішіне тартқаны жасырын емес. Сыр топырағында дүниеге келген өрен ішкі толқынысын сыртқа білдіре қойған жоқ. Жарыс алаңына беттеп келеді. Зілтемір қойылған орынға жақындай түсті. Енді өзіне сенімді болуы тиіс…
Бұған дейін де талай жарыста топ жарып үлгерген талантты ұлан бұл жолы да сыр білдіре қоймады. Алдын ала тапсырыс берген салмақты бағындырып, өзіне тілеулес тәмам жұртты үлкен қуанышқа кенелтті. Қоссайыстың қорытындысымен 356 келі салмақты еншісіне жазған қызылордалық ауыр атлет жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл әлемдік рекорд есебінде тіркелді. Ол өзінен кейінгі орынға ие болған қарсыласынан 14 келіге алға шығып кетті.
Аталған додада оған ирандық спортшы басты қарсыластың бірі болды. Серпуде ол 154 келіні бағындырған еді. Оған Рахат сыр алдыра қойған жоқ. Сыр саңлағы 158 келі зілтемірді төбесіне көтергенде жанкүйерлер қошеметін білдіріп жатты.
Талай таланттың шеберлігін безбенге тарта білген білікті бапкерлер Рахаттың қабілетіне жоғары бағасын беріп, болашағынан зор үміт күттіретін спортшыға санады. Жарыста Азияның үздік спортшысы атағы берілді. Осылайша ол сарықұрлықта қос дүркін чемпион атанды.
Айта кету қажет, соңғы ширек ғасырда Қызылорда ауыр атлетикасы өте қарқынды дамып келеді. Әлемдік жарыстардан олжалы оралған оғлан Илья Ильиннің есімі бүгінде алтын әріппен жазылады. 2004 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Рахат даңқы дүйім елге жайылған дарабоздың жеңісті жолын жақсы біледі. Өзі де талай мәрте теледидар арқылы тамашалаған еді. Ильяның өзіне деген сенімділігі тәнті ететін.
Ауыр атлетика әліппесін алғаш ашқан жылдарда алдына зор мақсат қойды. Бапкерлер де Рахаттың талабын байқап, оған ақыл-кеңесін беріп жүрді. Оған Арман Әбдіреев пен Нұржан Смаханов сынды білікті мамандар тәлім берді. Ол ағалар ақылына үнемі құлақ түретін. Өзінің беделді бәсекелерде топ жаруын ұстаздарының үлкен еңбегінің жемісі деп біледі.
Рахат елімізде төрт мәрте Қазақстан чемпионы атанып үлгерді. Жастығына қарамастан еліміздің спорт шебері болды. Жастар арасында ұлттық құраманың мүшелігіне қабылданды. Тағы бір айта кетерлігі, ол 2018 жылы 23 жасқа дейінгі жастар арасында да бағын сынап үлгерді. Бұл кезде небәрі 14 жаста болатын. Нәтижесі жаман емес. Қола жүлдеге қол созды. Ал сол жылы Орал қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жеке командалық чемпионатта алтыннан алқа тағып қайтты. Осылайша жас ұланның жеңісті жолы жалғасты.
Білікті бапкерлер былтыр АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына алып барған еді. Тартысты бәсекеде ел намысын әрдайым абыроймен қорғап жүрген хас саңлақ бұл жолы да жанкүйер сенімін ақтады. Елге әлем чемпионы атағымен оралды.
Ерасыл ШӘРІБЕК