САША СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРДІ
Әлемдік аренада шоқтығы биік қазақ атлеттері соңғы жылдары қысымға ұшырап, байрақты бәсекеден тысқары қалып жүр. Әйтсе де, федерация басшылығы ішкі біріншіліктегі тартысты ысырған емес. Өткен аптада ел атлеттері Шымкентке бет бұрды. Шырайлы шаһарда зілтемірден ерлер және қыздар арасында жекелей сыннан Қазақстан чемпионаты мен командалық жарыс бойынша ел кубогы сарапқа салынды.. Оңтүстіктегі дүбірлі додаға Астана, Алматы және еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден аса спортшы 16 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Шымкент қаласындағы БИИК спорт кешенінде өткен чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде ерлер 56 килода бақ сынаса, қыздар 48 және 53 кило салмақта өзара сынға түсті. Ерлер арасындағы сайыста бірінші орынды Рио Олимпиадасының қатысушысы Арли Чонтей (115+136) жеңіп алды. Қыздар арасындағы 48 кило салмақта 16 жастағы қаршадай қыз Юлия Потасова (72+88) жеңімпаз атанса, 53 килода жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әйгерім Ауылбек (75+90) теңдессіз деп танылды. Чемпионаттың екінші күні тартысқа толы болды. Жарысты 62 кило салмақтағы ерлер бастады. Бұл салмақта Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Фархат Харкиге тең келер ешкім болмады (115+150). Жұлқи көтеруде оның бір ғана мүмкіндікті пайдаланғаны жеңіске жетуіне еш кедергі болмады. Қыздар арасында 58 килода Сәуле Сәдуақасова (91+121) мен 63 кило салмақта сынға түскен Әсем Садықова ел чемпионы атанды.
Жарыстың үшінші күні 69 және 75 кило салмақ бойынша ерлер және қыздар бәсекесі өтті. Алтын медаль Алматы облысының өкілі Анатолий Савельевке (131+168) бұйырды. Ал қыздар сайысында 69 кило салмақта Надежда Лихачева (115+140) үздік деп танылды. 75 килода Алтынай Дәменге (99+125) тең келер ешкім болған жоқ. Ел біріншілігінің төртінші жарыс күнінде қыздар бәсекесі мәресіне жетті. 90 килода жастар арасындағы әлемнің бес дүркін жеңімпазы Надежда Ногай (111+132) ешкімге дес бермесе, 90 килодан жоғары салмақта Айзада Мүптілдә (110+138) өз салмағының үздігі атанды.
Сондай-ақ бұл күні 77 килодағы ерлер арасында сынға түскен 2017 жылғы Азия чемпионы Айдар Қазов (143+181) сөзсіз жеңімпаз атанды. Бесінші күнгі жарыста Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов 85 кило салмақта топ жарса (170+205), 94 килода 2015 жылғы Азия чемпионы Рүстем Сыбайға (156+210) тең келер қарсылас табылмады. Чемпионаттың соңғы күнінде жарыс жолына 105 және +105 кило салмақтағы ауыр атлеттер шықты.
Көпшілік Сырдың сенімін арқалаған Саша Зайчиков алтын жүлдеге қол жеткізеді деп топшылаған. Бірақ 105 килода Ибрагим Берсанов қос сайыс бойынша 377 кило (175+202) салмақты оңай еңсеріп, чемпион болды. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Зайчиков (170+201) күмісті қанағат тұтты. Ал +105 салмақта Селимхан Әбубакаров топ жарды. Ол қос сайыс бойынша 395 (175+220) килоны бағындырды.
Ауыр атлетикадан Қазақстан кубогы мен чемпионатының қорытындысы бойынша Қызылорда облысының құрамасы 189 ұпаймен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Алматы облысы (184 ұпай), үшінші орынды Алматы қаласының ауыр атлеттері (181 ұпай) иеленді. Енді ауыр атлетикадан ел чемпионы атанған спортшылар Джакартада өтетін Азия ойындарына дайындалады