» » Әлиханның қазақ тіліне қызметі

Әлиханның қазақ тіліне қызметі

 Алаш көсемі Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ ұлт тілінің жасампаздығына сіңірген тарихи қызметі – ұшан-теңіз. «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» деген қайраткер ана тіліміздің руханият, ғылым, саясат саласындағы тұғырын бекітуде тағылымы терең үлгі-өнеге қалдырды.

Ел қазынасынан рухани нәр алған қыр перзенті сөз өнерін «айыр сөз», «дәмді сөз», «ескі сөз», «кестелі сөз», «көркем сөз», «қысыр сөз», «күйлі сөз», «ұзын сөз», «піскен сөз», «сырлы сөз» деген ұтқыр зерделеу арқылы әдебиэстетикалық таным-талғамының тереңдігіне тәнті етті.
Отандық және әлемдік рухани құндылықтарды, жаһандық ой-сана алыптарының түрлі саладағы іргелі ғылыми еңбектерін жан-жақты меңгерген Ә.Бөкейхан болмысына жөнжосықсыз білгішсіну, ақылсыну мүлдем жат. Санаткер қазақ, орыс, француз, грек, украин мақал-мәтелдерін саяси-әлеуметтік, ғылыми-танымдық, ғылыми-көпшілік, оқу-ағарту тақырыбындағы мақалаларындағы ой-пікірін ұштауда, толғамын үстеуде қолданады. Сөз бен істегі үйлесімді басты азаматтық ұстаным деп білген оның «Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын» («Ашық хат») екенін ескертуі де саяси сарабдалдықтың айқын белгісі.
«Ашылып ақыл жазатын қалам бар ма? Көкіректе сайрап тұр, қолымды заман байлап тұр» («Ашық хат») деген ол патша цензурасы қысымын өткере жүріп те ояну дәуіріндегі қоғамдық сана серпілісі мен әлеуметтік сілкіністегі сөз құдіретінің маңызын: «Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзеуге құдіреті келеді. Сөз – қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады. Түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың, өзі түзелуге бет алғанын көріп тұрмыз» («Құрметті оқушылар!») деп көрсетті.
«Ән, күй, ескі сөз, тақпақ, нақыл, сурет, ою, бояу – орысша айтқанда – «искусство» адам баласына «руһани» арқау. Мұнсыз ел, ел болып жасай алмайды» дейді Ә.Бөкейхан «Оқытушы – кеңес құрылысының ұстасы» атты мақаласында. Отаршылдық қысымдағы ұлтының азаттық аңсарындағы рухани арқауын ғасырлар тоғысында жаңа сапалық мазмұнда жаңғырта білген ол өзекті ой-толғамдарын, өзекжарды толғаныстарын өзі атап көрсеткен «сөз қазығын» мақал-мәтелдермен түйіндеп отырады. Мәселен, «Сақтансаң – сақтармын!» дегенді ойлаңдар!» («Қарқаралы оязының Қотан-Бұлақ, Западный Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы»). «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» деген осы-дағы!» («Үшінші Дума һәм қазақ»). «Құдай қарғайын десе, ақылды алады» деген мақал Құтухта еншісіне тиді білемін» («Монғол конституциясы»). «Күн шыққанша қарау, көзді соқыр қылар» деген телмірген жұртқа шығарған орыстың мақалы бар» («Ұры тию»). «Тамшы тас теседі» («Тозған ресім азап»). «Іс ұстадан қорқады». «Политика» тамырын ұстауға құр қара-ала қағаз танығаннан басқа да ұсталық мақсат емес пе?» («Екі сиез»). «Гіректің мұнысы «ит табаны қышыса, керуенге үреді» ғой!» («Трубетской лексиясы»). «Күштінікі диірмен тартады», мал бағам деп Варон-Секреті жер алып отыр» («Государственни дума»). «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас!» («Жауап хат»). «Алмақтың да салмағы бар» («Алаштың азаматына!»). «Берушіге бесеу көп» деген мақал болса, 5 тиын ауыр болмаса керек» («Қазақ зиялыларына (Босқын қырғыз-қазаққа жәрдем)». «Ештен кеш – игі» деген» («Ештен кеш игі»). «Жеті өлшеп бір кес» деген мақалдың ізімен жүру лайық» («Қалай бірігеміз?») тағы басқа.
Ерекше назар аударарлығы, Ә.Бөкейхан орыс тілінде жазылған «Омскъ, 8-го февраля», «Русская поселения в глубине степного края», «Откырытое письмо казахам Семипалатинской области» сынды мақалаларында «Тауда бұғының мүйізі сырқыраса, ауылда бұзаудың мүйізі қақсайды», «Көп жүрген жыланның аяғы көрінеді», «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне», «Сақтағанды сақтармын» сипатындағы мақал-мәтелдерді қазақ тілінде қолданады. Олардың мән-мағынасын оқырманға жеткізуде орыс тіліне аударып береді. Сондай-ақ, кейбір мақалаларының атауына мақал-мәтелдерді алады. «Аңқау елге арамза молла», «Сусағанның түсіне су кіреді», «Ештен кеш игі» сияқты.
Исі қазақты Алаш идеясына біріктірген Әлихан Бөкейхан – Ресей империясындағы ғана емес, сол кездегі әлемдік дамудағы саяси үрдістердің ағысын тереңнен бажайлаған реформатор тұлға. Ұлт азаттығы мен теңдігі жолында рухани және саяси күрес жүргізудің көшбасшысы бола білген Алаш ұлының бағдарламалық мұратмақсаты терең мазмұндағы жаңашыл стильдегі мақалаларында нақыл сөз түрінде түйінделеді. Мысалы, «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» («Жауап хат. Жаһанша Әлмұхамедұлы Сейдалинге»). «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсұд» («Сусағанның түсіне су кіреді»). «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық артып әкелмейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты» («Ұры тию»). «Жүйрік қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!» («Хасейн Халами паша (Сыртқы хабарлар)»). «Міні, сондықтан өнербілім керек, онан да керегірегі тәрбие. Қанша оқысақ та тәрбиеміз кем болса хасиетіміз аз» («Роман не нәрсе?»). «Ғұмыр күннен күнге өзгеріледі. Жұрт рәсімі бірте-бірте өзгерілген ғұмыр жүзіне өтіп өзге болады» («Тағы да би һәм билік»). «Ғұмыр тартыс-талас, ғұмыр жүзінде орын аламын десең ұсталық, жиһатшылық зор мақсат. Таласып талпынбаған кісіге де, халыққа да тәмәм қасқыр арасында бәйге жоқ» («Хұтухта хаты»). «Негіз құр құрдастықта емес, бақыт сүйіспеншілікте» («Сайлау құқы»). «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!» («Алаштың талапты азаматына! Үндеу»).
Саяси-әлеуметтік астары, қоғамдық қатпары терең әр алуан көкейкесті тақырыптағы мақалаларын, еңбектерін ақындар өлеңі, жазушылар пікірімен дәйектеп, үстеп отыруы да Бөкейханның өзгеше бітімдегі қалам қарымын даралайды. «Ақмолланың: Айтамын үгіт қылып қазақ халқын, Көңіліңіз дін жағына сонша салқын! Дін қойса, заң қоюға риза емес, Бұрынғы қоя алмайсыз ата салтын, – деп зарланғаны осы» («Қазақта мүфтилік мәселесі»). «Дағды құдырет ісі. Ол туыстың еншісі, деген Пушкин ақынның сөзі осы!» («Сырттан» (Барлыбектің әкесі Сыртан батыр туралы»). «Қуандым түнде жүріп күн шығар деп, Болса да бұлт бүркеу жел қуар деп», Нарманбет айтқаны қайда?» («Ашық хат»). «Еңбек етсең ерінбей, тояр қарның тіленбей» деп Абай айтқан сөз ғой!» («Екі жол»). «Ер жігіттің белгісі – адасқанын мойнына алған, «шын сөзге жан фида» деп Шаһкәрім айтқандай» («Кәкітай» (Мүнәхиб). «Құйрық сорып борсық жүр, Түлкі мырза жортып жүр. «Құдай, аман сақта!» деп, қой мен тауық қорқып жүр. Тышқан аңдып мысық жүр, алдап көзін қысып жүр. Ін таба алмай саршұнақ, сорлы сасып-пысып жүр». Сәбит. «Қазақ» газеті, нөмірі 80. Қ.Б. («Жапон һәм Қытай»). «Орыс писателі (сөз жазғышы) Ф.М.Достоевский айтқан: «адам хайуанның жүзі қарасы» деп» («Ашық хат»). «Франция жазушысы Зөлә (Золя) «Адам хайуан» деп роман жазды» («Ұят-ай!»). «Лев Николаевич айтатын: «Ау, адам баласы, тоқташы, азғантай тоқташы, ойлашы, не қылып жүрсің? Істеген ісің бәрі жаман, бәрі біреуге жәбір. Тоқтасаң, менің жолыма түсесің» деп» («Петр Алексеевич Кропаткин»). «Грек ақыны Гомер жырларында ерлердің басына қан жаудырады» («Қанды жауын (Фламмарион К)»).
«Мұсылман сиезі» мақаласында да Әлихан ана тіліміздің өміршең құдіретін айшықтауда Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан өлеңдерінен оралымды үлгі өрнектерді молынан келтіреді. «Тарих керек» мақаласында қазақ мақалдары қолданылуының мән-мағынасын екшеп, тарих түзудегі халық ауыз әдебиеті үлгілерінің құндылығын зерделейді.
«Кең киім азбас, кеңесті ел азбас» деген мақал – қазақтың бір шақта кеңесті үкіметті болғандығын, «Халық ұйғарса – хан түйесін сояды» деген мақал – хандардың халықтың пікірімен санасатындығын білдіреді. Мұндай істер аса көп, сондықтан, газет бетінде сарқа жазып болмайды. Бұдан аңғаруға болады: тарих түзуге өлең, мақал, тақпақ, ертегі – халықтың қолданып жүрген ғұрып-әдеттері, ескі қарулары, ер-тұрман, құлпытас, үй ішіндегі құралдар секілді тоқсан тоғыз түрлі жолдар болады».
«Григорий Николаевиш Потанин» (1913) мақаласында «Осы келер жазда Потанин Семей облысы, Қарқаралы оязы, Тоқырауын өзені бойына барады. Июн басында «Қоянды» жәрмеңкесінде болады. Тоқырауында жаздай жатып, қазақты аралап көрмекші, қазақтың ертегі, жұмбақ, мақал, ескі жақсыларының сөзін жимақшы.
Потанин дүниедегі тілдердің бәрінде айтылған неше жұрттың іргелі мақал, өзге сөздерін қарастырып, соны қай жұрт қай жұрттан өнегеүлгі алғанын шығарып отыр» деп ақ жүрек ердің игілікті істерін әдіптейді. «Күншығыс баспасы» баспақ болып отырған Баржақсыұлы Ахмет жиған «Мың бір мақал» да Григорий Николаишқа қалап басылмақ еді» деп қандастарының Потанинге деген құрметін білдірді.
Алаштың аяулы перзенті Ахмет Баржақсыұлы «Айқап», «Қазақ» басылымдарындағы «Қадірменді Хасанғали мырза!» (1914), «Мақалдар» (1914) мақалаларында халық ауыз әдебиетінің осынау асыл үлгілерін жинау, жариялауды көтерген-ді. Сол кездің өзінде мың үш жүз мақал жинап, жүйелеуді қолға алған ол «… Мақал – қысқа, тегістеліп айтылған халық аузындағы өсиет. Онда қай жағынан болса да дұрыстық айтылады: «Уайым түбі – теңіз, батасың да кетесің, тәуекел түбі – қайық, мінесің де өтесің». Мақалдар мен мәтелдер халықтың бірнеше ғасырлық данышпандығын көрсетеді» дей келіп, халық мұрасын жинаудағы Ә.Бөкейхан қызметін: «…Сібірде, қазақ ортасындағы музей жағрафия жамиғатында Омбыдағы шілендерден Әлихан Бөкейхановтан басқа ешкім жоқ. Сол себепті біздің қазақ халық әдебиетіне тіпті жарлы деп айтуға мүмкін. 1913-1914 жылдарда кітап алып жүріп мәз ештеме көре алмадым. Осы күні член-сотрудник болып тұрмын.
Аздығын өздері де біліп, 1913 жылда, апрельде белгілі ертегі ғылымымен аты шыққан Потанинді Семейпалат облысындағы Тоқырауынға жіберді. Жол расходын беріп, әдейі ертегілер жинау үшін. Оның ақылымен Омбыдағы музейде «Қазақ комиссиясын» ашты. Председателі Ақмола һәм Семей облысындағы народный үшілішелердің директоры Михаил Филиппов. Оны қойғанның мәнісі учительдердің бәріне программа беріп жиғызбақшы еді…» деп жазды.
Міне, Әлихан қазақ мақал-мәтелдерін жинап, «Мың бір мақал» атауымен 1915 жылы шығарған А.Баржақсыұлы ізденісін қолдап, орысша түзетіп бастыруға ұйытқы болды.
Әлихан Бөкейханға Мәскеудегі «Күншығыс» баспасында қызмет атқаруына қол ұшын созып, сыйластықта болған Нәзір Төреқұлұлы да өрелі жастарды қазақ мақал-мәтелдерін жинауға жұмылдырды. Осынау рухани кемелділік әдебиетші Бейсембай Кенжебаев естелігінде шынайы көрініс тапқан.
Ахмет Баржақсыұлының «Мың бір мақал» жинағының жаңа басылымы 1923 жылы Мәскеудегі Күншығыс баспасынан Н.Төреқұлұлы алғысөзімен жарыққа шықты.
Ә.Бөкейхан өмірінің соңғы жылдарына дейін қазақ мақал-мәтелдерін жариялау мәселесін назарынан тыс қалдырған жоқ. Елдес Омарұлына 1934 жылы Мәскеуден жазған хатында «Қазақшыл Қасенғали (Асан-әлі) жиған көп (700 бет) қазақ мақалы, ескі сөздері бар еді. О қайда екен? Қасенғали жинағында жілігі татымайтын әңгімелер де көп еді. Мен мұны Алматыда кімге жазарымды білмей, саған жаздым. Сен қазақ әдебиетін бағалаушылармен отала отырсың ғой, өзің иесіне тапсырарсың» деп, әдеби мұраны жариялаудағы келелі істерді ой талқысына салады.
Алты Алаш көсемінің менменсіген отаршыл патша ұлықтарын қазақ мақал-мәтелдері даналығының тобықтай түйінімен тәубесіне келтіріп отырғаны да бүгінгіге тәмсіл болып жетті. Оны Смахан төре Бөкейхан естелігінде тебіреніспен жазады.
«Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығара алмайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді» дейді Ә.Бөкейхан. Қазақ тілін тұрмыс қазанында қайнатып, қандастарын әлемдік ғылым жетістіктерінен ана тілінде сусындауына жол ашқан дегдар Фламмарионның «Астрономия әліпбиі» (1924), Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (1926), Гравенің «Дүниенің құрылысы» (1926) ғылыми еңбектерін қазақшалап басып шығарды.
Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (1926) кітабының «Жердің өткен өмірін қалай білеміз?» бөлімінде мақал-мәтелдердің елтанудағы маңызын пысықтай түседі: «Бұрын ертеде болып өткен жұрттың мәдениетін, әдебиетін, иманын, істеген ісін, қылған әдісін, амалын білем десек, ол жұрттың жазған хатын, айтқан әңгімесін, жұмбағын, ертегісін, жазған заңын, әкім-жарлығын, жасасқан уәде қағазын, мақалын, өлеңін алып салыстырып, тесе қарап тексеріп, ол жұрттың кім екенімен танысамыз, кім екенін білеміз. Ертеде өткен жұрттың тарихы, міне дейміз». «23 жоқтаудың» (Қазақ тарихының төрт жүз жылын алады. Жинаған, түзеткен: Байтұрсынұлы Ақмет. Қыр баласы. Кеңес Одағындағы елдердің Кіндік баспасы. Мәскеу, 1926) «Бастырушыдан» берілген кіріспесінде «Ел аузындағы тіл дегенімізде нені үлгі-өрнек етеміз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарды, жұмбақтарды, ертегілерді, өлеңдерді тағы-тағы осындайларды!» деп байыптады.
 Ұлттың ұлт болып ұйысуындағы тілдік құбылыстың әлеуетіне Алаш әлеуметінің көзін жеткізген, сол арқылы елдің елдік белгісі тілді сақтауда аянбай тер төккен Қыр баласы ана тілін ардақтау мен ұлықтаудағы перзенттік парызына ақтық демі үзілгенше адал болып өтті. Иә, Алаш ардақтысының қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын арттырып, ғылым мен білім, саясат пен мәдениет, әдебиет пен өнер тіліне айналдырудағы ерен еңбегінен алар тағылым мол.
Ғұмыр жүзінде қазақ тілі өз бәйгесін алудағы аламанда жанкештілік танытып келеді. Қазіргі арлы ұрпақтың да сол өміршең үрдістегі жауапкершілік намысын қамшылап, өрелі биікте болуға ұмтылулары аманатқа адалдық танытулары деп білеміз.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
 Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры
01 маусым 2020 ж. 538 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930