» » ЕЛ ҚОЛДАҒАН ЕМЛЕ

ЕЛ ҚОЛДАҒАН ЕМЛЕ

Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты мәселенің бірі қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру болатын. Бұл халық үшін рухани жаңғырудың басты негізі тіл екенін айқындайды. Тіл – әр халықтың өмірінде, рухани болмысында маңызды рөл атқарушы құрал. Осыған орай төл емлемізді құру басты жоспарда тұр.
Тарихқа үңілсек, Алаш қозғалысының да негізгі мәселесі осы тақырыпқа арналды. Ең бірінші қазақ ғылымындағы тілтану саласының іргетасын қалаған Алаш алыптарының тіл жолындағы күресі – бүгінгі азат елдің баласына үлгі. Алаш азаматтары тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді.
Ал тілдің негізі – әліпби. Тілдік әліпби тарихында ислам дінімен бірге келген араб тілі мен әліпбиі, 1929 жылы қабылданған латын әліпбиі, одан соң 1940 жылы қабылданған кирилл жазуы бар. Еліміз азаттық алғалы тұңғыш рет өз қалауымызбен жаңа әліпби емле ережесін қабылдағалы отыр. Бұл – кемелденген елдің жарқын келешегі, жаһандану есігі, яғни қазіргі әлемдік аренаға шығудың айрықша жолы.
Аман Абасилов, ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты:
− Әліпби ауыстырудың мәселесін қазір қоғам түсіне бастаған тәрізді. Халық бір кезде әліпби ауыстыру дегенді бір әріппен екінші әріпті ауыстырып қоя салу деп ұқты. Мысалы, кирилл жазуымен жазсақ, енді латын графикасында жаза саламыз деген көзқараста болды. Бірақ түбінде олай емес, о бастағы әліпби ауыстырудың негізгі мәселесі біздің тілімізге реформа жасау еді. Қазақ тілі өзінің үндестік заңынан, сөздік қорынан айырылып қала жаздады. Кирилл әліпбиі 1940 жылы қабылданып, 1954 жылдан бастап тілімізге шабуыл басталды. Біз әліпби жасайтын болсақ, өзіміздің қазақ дыбысынан ғана тұратын, А.Байтұрсынов анықтаған 28 дыбысты белгілейтін әріптен тұру керек. Осыған байланысты Тіл білімі институтының ғалымдары  өз жобасын ұсынуда. Қазіргі бекітілген әліпбиді қайта қарау керек. Ол үшін республикалық деңгейде үлкен жиын ұйымдастырылуы қажет. Бұл тілдік реформа деген жай дүние емес, бұл бүкіл Қазақстан халқына қатысты мәселе. Латын әліпбиін  еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін ой елегінен толықтай өткізу керек.
P.S. А.Байтұрсынов «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп ұлттық рухтың тірегі де, арқауы да тіл екенін айтты. Латын негізді төл емле − орыс тілдік құрсаудан толықтай арылғанымыз бен елдігіміздің дәлелі. Жаңа әліпби арқылы біз әлемге еркіндігімізді көрсетіп, ұлттық болмысымыз бен рухани мәдениетімізді дәріптейміз. Осы орайда жастардың пікірі де бір арнаға тоғысып, латын әліпбиінің жаңашылдыққа бетбұрыс екенін айтты.
Назерке ЖЕТПІСБАЙ
ҚМУ-дың студенті
25 сәуір 2019 ж. 1 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031