145 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ ҚАЖЕТ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраев Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа міндеттер мен жүктемелерді баяндады.
– Қазір барлық сала ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануда. Жолдауда айтылған «Жұртқа жақын полиция» қағидаты Жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берері анық. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналғанда ғана бұл сала жұмысы нәтижелі болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырып, тиісті жұмыстар атқару үшін департаменттен жұмыс тобы құрылды, – деді басқарма басшысы.
Жолдауда құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын учаскелік полиция инспекторларына беріледі деп айтылған. Осы мақсатта учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипатта шаралар әзірленуде. Мәселен, облысымызда 258 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Учаскелік полиция инспекторлары лауазымдық міндетіне сәйкес, әкімшілік аймағында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстың алдын алу бойынша қорғау нұсқамасын шығарады. Егер шығарылған қорғау нұсқама талаптарын бұзса, заңға сәйкес құқық бұзушыға шара көреді. Сонымен бірге бұрын сотты болғандар тарапынан қылмысты болдырмау үшін оларға қатысты әкімшілік қадағалау орнату үшін немесе түзеу мекемесіне қайтару мәселесі бойынша сотқа ұсыныс беріледі. Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша есептегі маскүнемдерді сот шешімімен еріксіз емдеу орындарына жолдайды және заңмен тыйым салынған уақытта алкоголь өнімін сатқан дүкен иелеріне әкімшілік шара көреді.
– Қазіргі таңда «Учаске» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Мақсат – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халық арасындағы сенімін арттыру, тығыз қарым-қатынасты орнату, заңсыз қаруларды анықтау. Шара басталғалы 17 мыңға жуық үй-жай тексерілді, – деді басқарма бастығы Бауыржан Әшімұлы.
Бүгінде облыс халқын учаскелік полиция инспекторларына деген қолжетімділікті арттыруда әлі де 145 учаскелік полиция инспекторы мен 128 олардың көмекшісі қажет. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады. Сондай-ақ Жолдауда айқындалған Президент тапсырмалары сапалы жүзеге асса, полицияға деген халықтың сенімі артатыны анық.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА