Биыл 3-сыныптағыларға жаңа пән қосылады
Биылғы оқу жылынан бастап информатика пәні 3-сыныптан бастап оқытылады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
«Білімді цифрландыру туралы жаңа іс-шаралар қойылды. Ең бірінші, бүкіл әлем елдері сияқты информатиканы ерте оқыту. Мысалы информатика 2017 жылы 7 сыныптан басталса, 2014 жылы 5 сыныптан басталған. Ал осы оқу жылынан бастап үшінші сыныптан басталады, бұл бір», - деді министр.
Оның айтуынша, 5-тен 11-сыныпқа дейінгі бағдарламалар жаңартылады.
Сонымен бірге министр мектептердегі цифрлық білім беру ресурстарын қолдану деңгейін көтеруді мақсат етіп отыр.«Оның ішінде бағдарламалау тілдерін қарастырып жатырмыз. Ескі тілдерді шығарып, жаңа бағдарламалау тілдерін енгізу туралы ұсыныс бар. Ол жұмыс енді басталды», - деді ол.