Қырымбек Көшербаев: Цифрлық экономика дәуірінде бәрімізге бірдей мүмкіндік бар
Кеше Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында облыс әкімі Қ.Көшербаев 2017 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру жиынын өткізді. Облыстық арнадан, «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы «Қызылорда облысының әкімдігі» парақшасынан және «www.youtube.com» интернет желісі арқылы тікелей эфирден көрсетілген бұл кездесу бір жылдық жұмысты ғана емес Қырымбек Елеуұлының облыс басшылығындағы бес жылдық жұмыс барысын саралап, алдағы міндеттерді айқындады.
«Тәуелсіздік жылдарын еске алатын болсақ, алысқа бармай-ақ осы Қызылорданың жағдайымен қарауға болады» деп Елбасы айтса айтқандай-ақ, расында да, елмен бірге еңсе көтеріп, жиырма бес жылын артқа тастап, дамуының алтын ғасырына аяқ басқан Сыр өңірінің жарқын болашаққа ұмтылған өміршең қадамдарынан жаңа бір тынысты, соны серпілісті айқын аңғаруға болады. Бұған дәлел, «соңғы 5 жылда халық тарапынан айтылған мәселелердің де деңгейі көтеріліп келеді» деген әкім сөзінің жаны бар, Елбасы жүктеген индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру міндетін Сыр елі 2013 жылдан бері жүзеге асырылуда және аймақ экономикасы мұнай мен уран бағасына тәуелсіз өмір сүре алатынын дәлелдеді. Осы уақыт аралығында 50-ден астам өнеркәсіп орындары бой көтерсе, соның 16-сы – орта және ірі кәсіпорындар. Биыл шыны, тампонажды цемент, үш окись молибден өндірісі іске қосылады. Сондай-ақ соңғы бес жылда 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Бәрінен бұрын апатты жағдайлардағы мектептер жойылып, үш ауысыммен оқу мәселесі шешілді. Бұл әрине білімдендіру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Республика бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 80,5% болса, биыл Қызылорла облысының орташа балы 82,5% көрсеткішімен оқ бойы озды. Оқушылардың 97%-ы жоғары және орта оқу орындарына түсті. «Менен қай мәселені мақтанышпен айтасыз деп сұраса, осы мектеп бітірушілердің 97%-ының жоғары және орта оқу орындарына түскенін айтар едім», - деді облыс әкімі. Жастарды оқытуға жұмсалған қаржы болашаққа салынған сенімді инвестиция деп білетін аймақ басшысы 452 түлекті Мәскеу мен Санкт-Петербургтің техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен оқытып жатыр, биыл жазда алғашқы 76 бітіруші елге оралады. Биылғы 2018 жылдан бастап Ломоносов атындағы ММУ «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық үдерістерді модельдеу» мамандықтары бойынша облыс жастарына жыл сайын 20 гранттан бөліп тұратын болды. Сондай-ақ «Сколкова» Жаңа технологиялар орталығымен де ынтымақтастық мүмкіндігіне қол жеткізілді. Республикада мұндай оқуды ұйымдастырған біздің облыс (!) қана екенін баса айту керек.
«Бүгінде периферия деген сөз жоқ (периферия – грек тілінен аударғанда оқшаулану, шет қалу, сырт қалу деген мағынаны білдіреді – ред.). дыбыстан да жылдам цифрлық экономика дәуірінде бәрімізге бірдей мүмкіндік бар. Оқымаған адамның болашағы жоқ», - деді облыс әкімі жастарға қарата. Осы ретте жастар саясатын қаржыландыруда да біздің облыс республика бойынша екінші сатыда тұрғанын айтайық, 2017 жылы жергілікті бюджеттен 699,7 млн.теңге қаржы бөлінген.
Сөз бен істі арнайы әзірленген бейнероликтермен толықтырып, жауапты мамандар пікірімен қабыстырып өткізген есепті жиын барысында Мәскеуде оқып жатқан студенттер де тікелей эфирге қосылды. Сыр өңірінің сенімін арқалаған студенттер атынан Мәскеу Ұлттық зерттеу-технологиялық университетінің ІV курс студенті Бекзат Бөлеген Елбасына, облыс әкіміне алғыс айтып, туған жерге оралып жұмыс істеуге уәде берді.
Былтыр нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында үш бағыт бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 16-29 жас аралығында 10,2 мың жас қамтылды, оның ішінде жастар тәжірибесіне 1,8 мың адам 694 мекеме мен кәсіпорындарға жолданды, соның 253-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Бастауыш бизнес» жобасымен оқыған 353 жастың 161-іне шағын несие берілді. «Болашақ» халықаралық бағдарламасына 142 жас қатысқан, бүгінде бұл бағдарлама бойынша облыстан 25 адам шетелде оқып, тағылымдамадан өтуде.
Аймақта мемлекеттік жастар саясатының тиімді жүзеге асырылуы үшін «Қызылорда облысы бойынша 2021 жылдарға дейінгі мемлекеттік жастар саясатын дамытудың Жол картасы» бойынша өңірде салааралық ынтымақтастық биыл да жалғасады. Сондай-ақ Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жастарға қызмет көрсету орталығының құрылысы аяқталады. IT орталық ретінде жүзеге асырылатын бұл жоба Ресейде білім алған жас инженерлердің өңірде орнығып қалуына мүмкіндік береді.
Жиын барысында әкім залда отырған қала тұрғындарының, онлайн арқылы аудан халқының бірқатар сұрақтарына жауап берді. Онлайн режимдегі байланыс орталығы арқылы 315 хат тіркелген екен. Әрине мұның барлығын бас-аяғы 2,5 сағатта қамту мүмкін емес, облыс әкімі алда барлық сұрақтарға «Қызылорда облысы әкімдігінің» ресми сайтында міндетті түрде жауап беретінін айтты. Есеп соңында аймақтың экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуына оң баға берген ардагерлер әкімге ақ батасын беріп, алдағы істерге ақ жол тіледі. Аймақтағы 264 елді мекен тұрғындарының өкілдерін, жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес, еңбек ұжымдары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ бейнемәжіліс арқылы облыстың 7 ауданын қамтыған жиынға ҚР Президент Әкімшілігінің өкілі Н.Тілешов, Премьер-министр Кеңсесінің өкілі С.Қизат, Ішкі Істер министрі Қ.Қасымов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Г.Әбдірахымов қатысты.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ