ДІНМҰХАМЕД БІЛІМ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
"Дарын" облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық-ғылыми байқауына облыстан 788 оқушы жоба ұсынған. Ғылыми байқаудың облыстық кезеңінің бірінші кезеңіне 230 жобамен 241 оқушы қатысып, нәтижесінде 123 жоба мен 132 оқушы облыстық білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен 132 алғыр оқушы тестілеуге жолдама алды. Аталған тестілеу жұмысы Алматы қаласында өтіп, нәтижесінде межелі балға қол жеткізген 8 оқушы І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Қызылорда облысы командалық есепте ІІІ орынға табан тіреп, дарынды балаларға арналған "Мұрагер" мектебінің 11 сынып оқушысы Дінмұхамед Жұлдызбайұлы Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім грантын жеңіп алды.