TIMSS: Қызылордалық оқушылар әлем назарын аударды

Қызылорда облыстық білім басқармасының мәліметінше, зерттеуге Сыр өңірінің 13 мектебінен 857 оқушы қатысқан. Оның 7-еуі қазақ тілінде оқытатын, ал 6-уы аралас мектептер. Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының 4-сынып оқушылары жалпы рейтингте үздік 5 мемлекеттің көрсеткіштерімен салыстырмалы және одан да жоғары нәтиже көрсеткен.
TIMSS қорытындысынан кейін Австралия, Ұлыбритания, Финляндия секілді елдің басылымдары «қазақтың балалары бізді басып озды» деп жарысы жазған. Австралияның «9 news» басылымы: «Австралияның Білім министрі мемлекет оқушыларының математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша тестілеудегі «сұмдық нәтижелерінен» көңілі қалды, бұнда олар Қазақстан секілді елден артта қалды» деп жазса, осы елдің «ABC new» ұлттық қоғамдық тарату корпорациясы «Австралия халықаралық білім беру рейтингіде сәтсіздікке ұшырап, Қазақстаннан артта қалды» деп тақырып қойған. Ал Ұлыбританияның «www.tes.com» сайты «Англия математика бойынша рейтингте кем түсті, ал Азия болса көшбасшы болды. Жақын арада біз осындай мемлекеттерге көбірек көңіл бөлетін болармыз» деп жазған. Қазақ балаларының үздік көрсеткіштері әлем назарын аударғанын. Сөйтіп, есепке жүйрік қарт құрлықтың талай елін қазақтың қарадомалақтары қапы қалдырды.
2015 жылы өткізілген TIMSS халықаралық зерттеуіне әлемнің 57 мемлекетінен 583 827 оқушы қатысқан. Оның ішінде Қазақстанның 179 мектебінен 9 579 оқушы қатысты. Математика бойынша 4-сынып оқушыларының орташа балы – 544 ұпай, жаратылыстанудан – 550 ұпай, ал 8-сынып оқушылары математикадан –528, жаратылыстанудан 533 ұпай жиған.
Осы кезге дейін 6 рет өткізілген TIMSS халықаралық зерттеуіне әлемнің 80 мемлекетінен 3 миллионнан астам оқушы қатысыпты.
Құралай СЛӘМҚЫЗЫ