ЖЫР БӘЙГЕСІНДЕ – ЖАС АҚЫНДАР

Еліміздің түкпір-түкпірінен шабыт атты шалқұйрықты жабулап мінген Қарағанды қаласынан Ботакөз Мұхитдинқызы, Шымкент қаласынан Нұрғали Әнапия, Әлихан Жақсылық Ақтөбе облысынан, Нұрқанат Қайрат Павлодар қаласы, Сұлужан Таубалды Астана қаласынан және Қызылорда қаласынан Бекжан Ержігіт, Мейрамбек Ибрагимов, Шыңғыс Құдайберген, Ерасыл Бәйментай, Төрехан Совет секілді кіл марқасқа ақындар киелі Сыр топырағында жиылып бақ сынасты. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен аламан айтысқа журналист, «Құрмет» орденінің иегері, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп төрағалық етсе, ақын, режиссер-сценарист, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Оңталап Нұрмаханов пен «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестер қазылық жасады. Айтыс өнері заман ағымына ілесіп жасап келе жатқан қазақтың асыл мұрасы екені анық. Мұны бүгінгі жыр додасында ақындар айырықша көрсете білді. Бас жүлде павлодарлық Нұрқанат Қайратқа бұйырса, І орынды қызылордалық Бекжан Ержігіт, ІІ орын қызылордалық Ерасыл Бәйментай, ІІІ орын ақтөбелік Алихан Жақсылық алды. Қатысушы барлық айтыскер жас ақындарымыз қала әкімі Н.Нәлібаевтың алғыс хатымен марапатталды.