Қыз алдында тізерлеу
Ой-тамызық
Өзге біреудің алдында тізерлеу, тізе бүгу – бағыну, мойынұсыну, айтқанына көну, құлдық ұру дегенді білдірген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Берлинде герман басшылығы «Тізе бүгу туралы актіге» қол қойған. «Тізе бүгу актісіне» байланысты жеңген мемлекеттер: АҚШ, КСРО, Франция, Ұлыбритания неміс еліндегі барлық жоғары билікті басқаруды өз қолына алған. Себебі сонау ерте заманнан бері тізерлеу – батырдың бағынуын білдірген. Мәселен, ежелгі Римде рыцарьдің тізерлеуі қорлық саналған. Сол секілді қазақ батырлары да «басымды кессең де, тіземді бүктіре алмайсың» деп жауына қасқая қарсы тұрған. Өйткені батырдың тізерлеуі – оның жеңілгені. Ал қазақ жігіті үшін «өлімнен ұят күшті» еді. Тек хан алдында құрметтің белгісі ретінде бір тізесін бүгіп, қолын кеудесіне қойған. Ислам, христиан діндерінде Құдайға құлшылық кезінде тізерлеу, бас ию – Жаратқанға деген құрмет пен бағыныштылықты білдірген. Ал бүгін ше?
Дұшпанның алдында жанына сауға сұрап, тізе бүкпеген қазақ жігіттері жаппай қыз алдында «тізерлей» бастады. Өзге жұрттың көзінше қыз алдында тізерлеп тұрып, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған романтик жігіттердің әрекеті бүгінде сәнге айналды. Сөйтіп, батыс елдерінен бастау алған «I said yes» бастамасы бізге де жетті. Әрине, раушан гүлдер, бейне-роликтер, көрерменнің көңілді шуылы, қыздың көзіне жас алған таңқалысы... бәрі-бәрі керемет романтикалық тосын сый болар. Бірақ әлі де үйленбеген қызының алдында, жұрт алдында жігіттің тізерлеуі қаншалықты дұрыс? Одан гөрі сүйгеніне бір құшақ гүл ұсынып, «жарым болшы» деген бір ауыз сөз әлдеқайда артық секілді.
Психологтардың пайымдауынша, жігіттің үйленбей жатып, қыз алдында тізерлеуі, психологиялық түрде әу бастан-ақ, іштей әйеліне бағынып, соған мойынұсынуды білдіреді екен. Осыдан кейін жақсының орынан жасық, алыптың орнына әлсіз, батырдың орнына боркемік босбелбеу ұрпақтың өсіп жетілмесіне кім кепіл?! Содан да болар қазақ халқы жауырыны жерге тимеген, жауына бас имеген намысты жігіттердің биік тұруын әу бастан талап еткен. Мұны қазақ бір ауыз сөзбен «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» немесе «байтал шауып, бәйге алмас» деп жеткізген. Егер намысын қайратына жаныған жігіт болса, өзгеге еліктеп, өзгенің алдында тізерлемес. Есті, ақылды қыз болса да, ұнатқан жігітін ондайға итермелес. Мұндайда Шал ақынның: «Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын, Сол болар басқадан да жақын кісің. Ағайынға, туысқа қайырылса, Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің. Еріне – аю, баласына – қасқыр болса, Ондай әйел алғанның күні құрысын» деген сөзі оралады.
Шетелден жеткен «I said yes» бастамасын «таңсық етпей-ақ», ел алдында, жұрт көзінше тізерлемей-ақ қойса, қазақ жігіті. «Ел құтқарар ерлердің» әрдайым намысы жоғары, рухы биік болуы үшін.
Құралай СЛӘМҚЫЗЫ