Тұрғын үй көмегін кімдер ала алады?
ҚР Әділет министрлігінің сайтында қай жағдайларда азаматтарға әкімдік тұрғын үй көмегін берілетіні көрсетілген. Сайттағы мәліметтерге қарағанда, жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды жалдайтын отбасыларға тұрғын үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға және тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдайтын отбасыларға коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына қосымша тұрғын үй көмегі беріледі. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге көмек берілетіні айтылады. Тұрғын үй көмегін алғысы келген отбасының жиынтық табысы қандай болуы қажет? Отбасының жиынтық табысы ҚР Әділет министрлігінің Жиынтық табысты есептеудiң тәртiбi туралы Нұсқаманы бекiту туралы ережесіне сәйкес саналады. Министрліктің мәліметінше, отбасының жиынтық табысына ҚР-да және одан тыс жерлерде тапқан табыс түрі енеді. Мысалы, еңбекақы түрiнде алынатын табыс; кәсiпкерлiк қызметтен алынатын табыс; мүлiктей табыс; мемлекеттiк және мемлекеттiк емес зейнетақылар, шәкiртақылар, жәрдемақылар, өтемақылар және әлеуметтiк қолдаудың басқа да түрлерi. Қандай құжаттар керек? Тұрғын үй көмегін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлік, мекенжай анықтамасы, коммуналдық қызметтер бойынша келген түбіртек пен жұмыс орнынан анықтаманы көрсету керек. Сондай-ақ, жұмыс орнына берілген анықтамада ұйымның атауы және жалақы мөлшері міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Мұнымен қоса, сол отбасымен бірге тұратын және сол үйде тіркелген отбасы мүшелерінің табысы жайлы мәлімет көрсетілуі тиіс (жұмыссыз болған жағдайда, зейнеткер, мүгедек, студент, ажырасқан немесе балалары бар болған жағдайларда сәйкес анықтама мен алатын көмек мөлшерін көрсетуі тиіс). Тұрғын үй көмегі қалай төленеді? Тұрғын үй көмегі ай сайын (әр айдың соңында) екінші деңгейлі банктерде немесе "Қазпошта" АҚ арқылы беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үй көмегін алатын отбасының құжаттары тоқсан сайын жаңартылып тұруы тиіс. Мысалы, тұрғын үй көмегі қалай төленетінін есептееп көрей. Бір отбасында төрт адам тіркелді дейік: әкесі (жалақысы - 150 мың теңге), анасы (декретте), екі бала (біреуі - 1 жаста, екіншісі - 10 жаста). Пәтердің аумағы - 75 шаршы метр. Бір адамға 18 шаршы метр белгіленсе, төрт адамға 72 шаршы метр шығып тұр. Отбасы табысының 10 пайызы - 15 000 теңге. Осылайша, бұл отбасыға ай сайын тұрғын үй көмегі ретінде шамамен 17 630 теңге (32 630 теңге - 15 000 теңге) төленеді.