Қазақстанда татуласу орталығы ашылады
Бүгін Астанада ҚР Жоғарғы соты және ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Құжатқа ҚР Жоғарғы соты Төрағасы Жақып Асанов және ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым қол қойды.
Тараптар аталған меморандумды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық сананы жаңғырту қажет екендігіне сүйене отырып, қоғамдағы шиеленісушіліктің алдын-алу мақсатында даулар мен жанжалдарды соттан тыс тәртіпте шешу мәселелері бойынша бекітті.
«ҚР Жоғарғы соты арқылы енгізілген Татуласу орталықтарын құру жобасы шын мәнінде революцияшыл және мазмұны бойынша инновациялық жоба ретінде Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына ауқымды үлес қосады. Татуласу орталығын құру сот және құқық қорғау органдарына жүгінбей-ақ даулы мәселелерді шешуге шақыратын азаматтық қоғамның өзара әрекетінің жаңа пәлсапасын құрайды. Бұл дәстүр қазақ халқының тарихынан бастау алады және қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады» - дейді келісімге келген тараптар.
Меморандум ҚР Кәсіподақтар федерациясының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің базасында Татуласу орталығын ашуды қарастырады. Татуласу орталығы келісу үрдістері арқылы еңбек және басқа даулар мен жанжалдарды шешу үшін халықтың мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған.
Тараптар келісу үрдістері, татуласу орталығында қызмет көрсететін мамандарды оқыту және қызмет сапасын жақсарту арқылы дауларды реттеу туралы заңнаманы дамыту және өзара байланыс жасау мәселелері бойынша әріптестікке келісті.
Орталықтарды құру – Жоғарғы соттың қажетті бастамасы, себебі, ол дүниежүзілік даулар медиациясының тәжірибесіне негізделген қоғамдық қатынастар саласында жаңа институтты қалыптастырады.
Baq.kz