Facebook компаниясы айыпталады
Еуроодақ пен АҚШ билігі Facebook компаниясынан 50 млн адам туралы мәліметті заңсыз қолданғаны үшін жауап беруін талап етуде. Бұл ақпаратты жинау арқылы Трамп президенттікке сайланған сәтте сайлауалды кампания жасау мақсат болған. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі cbsnews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
19 наурызда Еуропалық комиссия әлеуметтік желіні жауапқа шақырды. 17 наурызда The New York Times және The Observer басылымдары мақала жариялады. Яғни, 2016 жылы Cambridge Analytica британдық-америкалық компаниясы Дональд Трамп президенттікке сайланар сәтте 50 млн адам туралы ақпаратты олардың келісімінсіз жинаған деп айыпталып отыр. Сондағы басты мақсат – адамдардың электоралды пікірін анықтау, яғни, сол кездегі кандидат Трамп туралы ойын білу. Бұл арқылы сайлауалды жарнамаларды жасау оңайға түскен. Дегенмен, 50 млн адам туралы нақты қандай мәліметтер қолданғаны жасырын қалып отыр.
Facebook бұл айыпты жоққа шығарды. Және Cambridge Analytica жинаған ақпараттардың рас екенін, алайда 50 млн адамның келісімі бар екенін айтты.
Еурокомиссар Вера Юрова компанияның бұл әрекетін заң бұзушылық деп айыптап отыр. Берлиндегі Жасылдар партиясының өкілі Рената Кюнаст та танымал желіге деген наразылығын білдірді. Неміс азаматтарына қатысты ақпарат қолданғаны туралы анықтағысы келетінін жеткізді. Британия премьер-министрінің өкілі Тереза Мэй және АҚШ билігі алдағы уақытта тергеу жұмыстарының жүретінін айтып отыр.