Отызыншы Наурыз
Біздің лебіз
Наурыз – құлды құрықтан, күңді сырықтан құтқаратын мерекелі күн. Адам аузы аққа, мал тұяғы көкке тиген берекелі ай. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, татулықпен бірлікке шақыратын құтты мейрам.
Наурыз – қазақтың ұлттық бейнесі. Әрбір шаңырақтан бастау алып, жалпы ұлттық сипатқа айналатын бұл мереке елдің рухын көтеріп, ұмыт қалған салт-дәстүрге дем береді. Қазақ Наурыз арқылы тарихын жаңғыртады, жоғалтқанын түгендейді. Ілкіден іргелі ел өнегелі салтын, өрелі қалпын ұрпағына үлгі етеді. Тарихтың тереңінде қалған, тәрбиесі мол әдет-ғұрыптар халық арасында салтанат құрады. Мейрамның ең басты құндылығы да осы.
Биыл түрік жұртының төл мерекесі отызыншы рет тойланғалы отыр. Жаңа жылда халқымызға құт қонып, ұлтымызға рух ұялап, ел басына бақ қонсын! Әз-Наурызда Міржақып Дулатұлының мына сөзі ойға оралады. «Қуанышты күнің, жаңа жылың құтты болсын, қазақ!»
Гүлдана ЖҰМАДИН