Мемлекеттік қызмет пен ел алдындағы міндет
Мемлекеттік қызметшіден мін іздейтіндер көп. Қызмет барысындағы халықпен қарым-қатынасы, әріптестермен сыйластығы, тіпті, жұмыстан тыс уақыттағы өмірі де сынға алынады. Демек, олар сөзіне де «қарауыл» қойып сөйлеуі тиіс. Расында мемлекеттік қызметті атқарушы деген міндет қашанда абыройлы болуды талап етеді. Осы мақсатта мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары және әдеп жөніндегі кеңестің қызметін талқылаған «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» тақырыбында жиын өтті.
«100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру мақсатында Елбасының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бекітілген болатын. Айта кетейік, 2005 жылы қабылданған «Ар-намыс» кодексі осы Жарлықтан кейін «Әдеп» кодексі болып өзгертілді.
– Кодекс халықтың, мемлекеттік органдардың сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметтегі өзара қарым-қатынасты жақсартуға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталды. Сонымен бірге, олардың сырт келбеті, қызметтік міндеттерін орындауы, мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етіп, жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс. «Әдеп» кодексінің «Ар-намыс» кодексінен айырмашылығы мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы, қызметтік қатынастағы, сондай-ақ, көпшіліктің, БАҚ-тың алдында сөйлеу стандарттары кеңінен айқындалып және осыған байланысты талаптар күшейтілді. Әдеп нормаларына байланысты тәртіптік кеңестер әдеп жөніндегі кеңес болып өзгертілді. Сонымен бірге, реформа аясында енгізілген жаңалық – әдеп жөніндегі уәкіл институты. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында толық ақпараттар берілген. Мемлекеттік қызметшілер кез келген уақытта қызметке байланысты сұрақтармен, тек кеңес алу үшін емес, құқықтары бұзылған жағдайда да келуіне болады, − дейді облыс әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің әдеп жөніндегі уәкілі Бақытжан Ідірісов.
Елбасы жариялаған 5 институционалды реформаның негізінде қабылданған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының алғашқы бес қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттары да бекітілді.
– Жалпы стандарттарға мемлекеттік қызметшілердің жеке сипаттағы мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік әлеуетті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады. Олар азаматтармен ұжымда сөйлесу кезінде сыпайы, ұстамды болуы қажет. Халықпен қарым-қатынастың негізгі көрсеткіші мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы болады. Басшылар қызметкерлерін негізсіз айыптау, олардың қадір-қасиетін қорлау фактілеріне жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуі керек. Зерттеу жүргізу барысында мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орында мас күйінде жүруі немесе мас күйінде көлік айдау жағдайлары кездесті. 2016 жылы осындай 9 факті бойынша тәртіпсіздікті қарадық. Ал 2017 жылы мұндай жағдайлар тыйылды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта талапты сақтағандығын көрсетеді, − дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Ұзақұлы.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес тәртіпсіздік мәселелерін қарау кезінде жиі тіркелетін жағдайларды атады. Тіпті кейбір басшылар қандай құжатқа қол қойғанын да білмейтін болып шыққан. Жұмысқа деген ұқыпсыздықтың салдары анықталмай қоймайды. Шара барысында зал толы қатысушыларға ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ғылыми кеңесі ұсынған «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» атты нұсқаулық табысталды. Жиында қашанда қызу, маңызды жұмыстың бел ортасында жүретін мемлекеттік қызметшілерге кезексіз емхана жүйесін енгізу туралы ой да айтылды. Бұл алдағы күннің еншісіндегі мәселе.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».