» » Жол қауіпсіздігіне алаңдаймыз

Жол қауіпсіздігіне алаңдаймыз

Қияндағы қандастар
 Кейіпкер жайлы
Темірлан  Серікұлы Тұрсынбаев 1994 жылы Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында туған. Қазан федералды университетінің муниципальды және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Татарстандағы қазақтардың ұлттық-мәдени бірлестігіндегі жастар қанатының басшысы. Татарстан халқының жастар ассамблеясы кеңесінің мүшесі. Қазақстан РОО мүшесі.
Темірлан Тұрсынбаев,Татарстандағы қазақтардың ұлттық-мәдени бірлестігіндегі жастар қанатының басшысы: 
– Сіз басқаратын жастар ұйымы қай кезден бастау алады?
– Біздің диаспора 1992 жылдан бастап өз жұмысын жүргізіп келеді. Сол уақытта Қазақстаннан келген студенттер қазақстандық студенттер одағын құрған.  Қазір толыққанды аймақтық-қоғамдық ұйымға дейін өсті. Ұйымның басты мақсаты – бірлесе жұмыс жасау және студенттердің құқықтарын жеке тұлға емес, заңды тұлға ретінде қорғау. Біздің ұйым мүшелерінің белсенділігінің арқасында біздің қазақ диаспорасы тез арада зерттеу жұмыстарымен айналысып, соның ішінде қазақ-татар арасындағы қарым-қатынастар тарихын зерттеп келеді. Әрі бұл жұмыстар екі ел арасындағы татулықтың іргесін нығайтуға күш салады деп ойлаймын.
–  Жалпы татар жерінде қазақ жастары көп пе?
Қазіргі таңда Татарстанда қазақ жастарының саны 1,5 мыңдай, оның ішінде бір мыңдайы Қазақстаннан келген. Ал қалғаны Ресейдегі қазақ жастары. Сіз сұраған ассамблея құрамында  15 жас отандасымыз бар, осы жұмыстарға кеңінен араласып жүрген белсенді қыз-жігіттердің жалпы саны 50 шақты. Қазір біз Омск, Астрахань және Орынбор жеріндегі қазақ жастарымен бірігіп, сараптау орталығын құру мақсатында Президенттік грантқа өтініш жаздық. Орталықтың басты жұмысы  Ресейдегі қазақтардың санын жете зерттеу, олардың басты мәселелері  болмақ.
– Татарстанда оқитын қазақ жастарының басын қосу немесе қандай да бір қолдау көрсету шаралары қалай жүргізіледі?
– Біздің басты сақсат – студенттің  өзімен тікелей жұмыс жасау.  Әрдайым кәсіптік бағдар жүргізіп, қоғамдық ұйымдар мен құрылыс жасақтарына, спорттық шараларға белсенді араластырамыз. Татарстанда біздің елден келгендер өте көп және олар табысты қызмет атқаруда.
– Сырт елде оқитын біздің жастар елдегі жаңалықтардан да тысқары қалмайтын болар?
Жоқ, бізде бәрі керісінше. Елде болып жатқан барлық жаңалықтан шет қалмаймыз. Дәстүрлі түрде біз Елбасы Жолдауын, Ұлт жоспарын, Қазақстан-2050 бағдарламасын, Рухани жаңғыру бойынша мақсат-міндеттерді талқылаймыз. Осыған сай дәрістер, дөңгелек үстелдер өткіземіз. Екі апта сайын біз радио эфирге шығып, өзіміздің күнделікті өміріміз жайлы әңгімелейміз. Мұның бәрі қазақ тілінде жүргізіледі.
– Татарстан жерінде жүріп біздің қазақ жастары ана тілінде сөйлесетін шығар?
Барлығы үшін жауап беру қиын, бірақ өз басым қазақ тілін бірінші курста үйреніп алдым. Көптеген жастар қазақ тілін біліп тұрса да,  күнделікті тұрмыста қолданбайды, ал біз қазақ тілін білмейтіндерге тіл үйретуде біраз еңбек еттік. Ұйым мүшелері өз тілімізде сөйлесеміз әрі ол біздің қолымыздан келеді. Оған мысал, Тәуелсіздік күніне орай өткізілген мерекелік концертімізге студенттердің бірі ата-анасымен келді. Кеш соңында олар мені құшақтап: «Саған рахмет, біздің қызымыз үйде ешқашан қазақ тілінде сөйлемейтін. Алайда Татарстанға оқуға кеткелі ана тілін үйреніп, үйде бізбен тек өз тілімізде сөйлеседі» деп ризашылығын білдірді.  Бұл біздің жұмысымызға берілген жақсы баға және ана тіліміздің, тәуелсіздігіміздің  дәлелі деп есептеймін.
– Жалпы ұйымның жұмыстарына қандай да бір көмек, қаржылай қолдау болып тұра ма?
– Бұл жұмыстың қаржылық жағдайын айтар болсақ өте көп қырлы. Қазақстан үшін маңызды іс-шараларға бас елшілік көмектессе, Татарстанға қатысты болса  республиканың министрлер кабинеті көмектеседі.  Біздің жастар  қазақ тілінің курстық оқуларына, кинотеатрда көрсетілетін қазақша фильмдерге және іс-шараларды ұйымдастыруда ұлттық киімдер алуға бірінші болып қызығушылық танытады. Жалпы алғанда студенттер өздеріне қажет болғандықтан мұндай іс-шараларға қаржыны өз қалтасынан  шығарады.
– Қазақстаннан келген жастар арасында мұнан өзге күрмеуі қиын мәселе бар деп ойлайсыз ба?
– Менің  ойымша, бұл жерде қазақ жастарының мәселелері негізінен Қазақстанның шет облыстарынан келген жастарда болып тұр. Басты мәселе уақытында  қауіпсіз оқуға бару және үйге оралу. Тура қатынайтын тұрақты автобустар жоқ, жалдамалы көлікпен жүруге мәжбүр, көліктердің  қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздігінен туындайтын мәселе және бар. Яғни, қазақ студенттері Қазан қаласынан шыққан сәттен бастап, мысалы, Оралға дейін баратын болса, бір автобустан екіншісіне не үшіншісіне мініп, ашық автобекетте біраз уақыт күтіп қалуына тура келеді. Қараңғы уақытта вокзалдар мен базар маңын бұзықтардың айналсоқтайтыны белгілі. Бір рет өзім бірнеше автобус ауыстырып, осы жағдайларға тап болдым, ал менің орнымда қыз бала болса ше? Сондықтан  біз Қазан қаласынан Қазақстанның барлық шет облыстарына қатынайтын автобустардың жүруі үшін жұмыс жасаудамыз. Қауіпсіздік ескеріледі.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз? Елге оралу ойыңызда бар ма?
– Иа, Отаныма көшіп келуді жоспарлап отырмын. Қазандағы барлық жұмыстарымды бітіруім керек және республика өміріндегі  маңызды істерге үлес қоссам деген ойым бар. Жоспарда осы жазда Ресейдегі қазақ жастарының алғашқы форумын ұйымдастыру тұр.  Мақсатымыз – көптеген үлкен ұйымдармен  бірлесе отырып, Ресейдегі қазақ жастарының  топтарын көбейту және сақтап қалу.
Қазақ-татар достығы ежелден келе жатқаны белгілі. Екі ел татулығына дәлел боларлықтай атқарылған жарқын істер туралы айтсаңыз.
– Дұрыс айтасыз. Ұлы достыққа арқау болар атқарылған іс көп. Оған дәлел, патша заманында Қазандағы  оқу орындарында білім алған студенттер соның ішінде Алашорда өкілдерінің  тізімі жазылған кітап шығарылуда. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының  Президентіне  Қазан университетінде білім алған  Жәңгір ханның дипломының көшірмесі сыйға тартылды. Қазанда университет қабырғасына Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір ханның  портреті салынған  мемориалды тақта орналастырылды.   Ең басты жаңалық, Қазанның орталық көшелерінің біріне біздің Елбасы есімі берілген. Айта кететін тағы бір жайт, Татарстанда «Адай» және «Шора батыр»  атауымен қыстақтар табылған, қазіргі уакытта  не себепті олай аталғандығы жөнінде зерттеу үстіндеміз.  Тағы да бірнеше «қазақтар» деп аталатын қыстақтар бар, мұны да анықтау қажет.
Сұқбаттасқан: Ержан Қожас
29 наурыз 2018 ж. 682 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031