» » Тұлға тәрбиелеген аналар

Тұлға тәрбиелеген аналар

   Әйел – ана. Әже. Әпке. Өмірлік жар. Саламатты қоғам қалыптасуында әйел маңызды рөл атқарады. Ұрпақ тәрбиесінде және күйеуіне жақсылықта жәрдемші болуда әйел үлкен демеу. Оның ең айқын көрінісі – Хадиша анамыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құдай қосқан қосағы парасатты әйел еді. Әр қилы сәтте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанынан табылатын. Үй шаруасы және бала-шағаның тәрбиесіне жіті мән беретін. Үш қызы да анасының асыл қасиеті мен тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Қиын сәттерде пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сүйеу болды.
Шоқанды тәрбиелеген әжесі – Айғаным. Абайдың анасы – Ұлжан мен әжесі Зере. Одан ары үңілсек, Қасым ханың анасы – Жаған-бике, Кенесары ханның анасы – Айкүміс ханым... Аңғарсақ, өмірін толығымен еліне арнаған тұлға тәрбиелеген аналарымыз аз болмаған. Себебі ел үшін туған азамат – асыл ананың жемісі. 
Имам Суфиян Сәуридің анасы. Суфиян Сәури – арабтың фиқһ және хадис ғалымы. Хадис ғылымында мұсылмандар әміршісі мәртебесіне жеткен. Суфиян Сәуридің ғылым шыңын бағындыруда анасының еңбегі мол еді. Суфиян – анасының жылдар бойы төккен маңдай терінің жемісі. Баласының жақсы тәрбие алуы үшін анасы аянбай еңбек етті. Өзі бұл жайлы: «Білім жолына түскім келген кезде: Уа, Раббым! Маған күнелтетін қаражат қажет. Ал, білім болса құмға құйған су сияқты тарап бара жатты. Мен уақытымды білім алуға арнаймын деп шештім. Сонда Алладан ризық-несібемді жеткіз деп дұға еттім» дейді. Суфиянның анасы: «Балам! Оқы, білім ал. Мен ұршығыммен сенің наныңды тауып беремін» деп баласының білім алуы үшін аянып қалған жоқ. Баласының қарнын тоқ, көйлегін көк етумен шектелмей үнемі ақылын айтып, білім алуға деген құштарлығын қайрап отыратын. Анасы бір сөзінде: «Ей, балам! Егер он әріп жазып жүрегіңе үңілгенде онда тақуалығың, жұмсақтығың және байсалдығың артпаса, бұл ілімнің саған пайдасынан гөрі зияны көбірек болады» деген екен. Міне, осындай ана Ислам әлеміне үлкен ғұламаны тәрбиелеп жеткізді.
Имам Мәлик бин Әнастың анасы. Имам Мәликтің жиені Ибн Әбу Уайс былай дейді: Менің нағашым Мәлик бин Әнас анасы жайлы: «Анам менің үстіме киімімді, басыма сәлдемді кигізіп Рабиғат бин Әбу Абдурахманның дәрісіне жіберетін. Шығарып салып тұрып: «Балам! Рабиғаттың дәрісіне бар. Ол кісіден хадис және фиқһ үйренуден әуел ұстаздың мінез-құлқы мен әдебін үйрен» деуші еді.
Имам Шафиғи анасы. Имам Шафиғи жөргектегі нәресте шағында әкесі Идрис дүние салады. Анасы Идристің ұлы Мұхаммедті үлкен азамат етуді мұрат етті. Сондықтан құндақтағы баланы Ғазза қаласынан Меккеге алып келді. Өйткені, бала жырақта Ғиззада туған еді. Имам Шафиғи жеті жасында Құранды толық жаттап алды. Мұнан кейін анасы баланы араб тілінің қыр-сырын меңгеру үшін дала арабтарына апарып тастайды. Ержетіп, атқа мінуді және жебе тартып, садақ атуды үйренеді. Мұхаммед атқан жүз жебенің барлығын нысанаға дөп тигізетін құралайды көзіне атқан мерген болды. Міне, анасы баласының тәрбиесіне «балам аман болсын, не көрсе де жұртпен көрер» деп немқұрайлы қарамады. Баланың жасына сай білім мен өнерді қатар үйретіп отырды. Ұстазы имам Малик жас жігіт Мұхаммед бин Идрис шәкіртіне он бес жасында пәтуа айтуға рұқсат берді.
Анасы өте зерек және дінді жақсы білетін әйел еді. Тарихшылар бұл жөнінде мынадай дерек айтады: «Шафиғидің анасын және бір әйелді ер кісімен бірге сот ісіне куәгер ретінде қазы шақырады. Қазы екі әйелді бөлек-бөлек кіргізбекші болады. Сонда Шафиғидің анасы: – Сіздің мұныңыз жөн емес. Құран Кәрімде: «...Сонда екі әйелдің бірі жаңылса, екіншісі есіне салады...» (Бақара сүресі, 282-аят) деген, – дейді. Қазы да әйелдің сөзіне құлақ асқан екен. Анасы баласын алдына тұрғызып: «Балам! Шыншыл боламын деп маған уәде бер» дейді. Жас Шафиғи де өмірдегі ұстанатын жолы шындық болатынын айтып анасына уәде береді.
Мұхаммед Шафиғи өзінің бала күні жайлы былай дейді: – Мен анамның құшағында жетім боп өстім. Анамның ұстазыма беретін қаражаты болмады. Ұстазым өзі болмағанда балаларға бас-көз болып қарайласуыма келісіп дәріс берді. Құранды жеті жасымда толық жаттап алдым. Ал, «Муаттаны» (Муатта – имам Мәликтің хадис кітабы) он жасымда жаттадым. Құранды толық жаттап шыққан соң мешітке келіп ғалымдардың дәрістеріне қатысып хадис немесе фиқһтан бір мәселе үйрендім. Үйіміз ауылдың ең шеті болатын. Дәрісті жазатын қағазға ақшам болмады. Сондықтан сүйекке немесе жарамсыз қағаздарға жазатынмын»,-дейді. Сонда дәрістен келген соң: «Анашым! Білім үшін бас июді, мұғалім үшін әдепті болуды үйрендім» дедім, – дейді имам Шафиғи.
Халық жазушысы Мұхтар Әуезов «Әйел – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген. Расымен де, әйел баласы – қоғамның тәрбие көзі. Болашақ ананың мейірлі көзі мен ыстық алақанында. Сондықтан, тұлғаларды тәрбиелейтін ана болмысы мен тәрбиесіне мән бермейінше мұратқа жету неғайбыл. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген сөздің төркіні де осында жатыр. Қыз текті болмайынша, одан туған ұрпақ тектігілі жайлы әңгіме айту қиын.
Руслан ҚАМБАРОВ,
исламтанушы

29 наурыз 2018 ж. 1 238 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031