Жалған құжат жасаған тәртіп сақшылары ұсталды
Рудный қалалық сотына ІІБ әкімшілік полициясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты іс түсті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Іс материалдарына сүйенсек, Рудный қалалық ІІБ әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінің бұрынғы бастығы П мен оның орынбасары Ш 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың қаңтар айында қызметтік дәрежелерін пайдаланып, пара алып келген. «Олар жеке және заңды тұлғаларға жедел әрі кедергісіз жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік жасаған. Тиісінше, заңсыз қаражат беруші тарап іс жүзінде тестілеуден өтіп, практикалық емтихан тапсырмаған», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында. Осылайша, әкімшілік полициясының бұрынғы қызметкерлері ҚР ҚК 366-бабының 3-бөлігі, 2,4 тармағы бойынша айыпталуда. Аталған іске қатысты сот отырысы 9 сәуірде өтеді.