"ҚАЙСАР" ҚОЛДАУШЫЛАРЫН ҚУАНТАДЫ

Биыл Сырдың сүйікті командасы «Қайсар» клубына 50 жыл. Мерейтой аясында команда алдына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Біріншілікте жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, еуропа лигасына доп тебу. Дегенмен біріншіліктің алғашқы үш ойынын сүреңсіз бастаған клубқа жанкүйерлер тарапынан реніште жоқ емес. Жанашыр жанкүйердің жанайқайын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Олжас Акимовке жеткіздік. Алдымен Олжас Азатұлы "Қайсардың" жеңіске жетуге неге дәрменсіз екенініне жауап қатты.
– Жалпы, клубқа қолдаудың жоғары екені баршаға мәлім. Қаржылық жағдайы да жеткілікті. Спорт болған соң, бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Үш ойын ұтпады екен деп "Қайсардан" теріс айналудың қажеті жоқ. Бұл өтпелі кезең. Басы ащы болғанымен соңы тәтті болады. Кешегі "Астанамен" өткен ойыннан кейін клуб бапкері мен ойыншыларымен дидарласып, мән-жайды анықтадық. Жігіттердің айтуынша, жеңісті жолға сәттілік жетіспей жатыр. Келесі кездесуден бастап, жанкүйерімізді қуантамыз деп клуб ұжымы уәдесін берді. Ендеше барлығымыз жұмылып, командаға қолдау көрсетейік, -деді.
Футбол тақырыбы қозғалған сәтте ойда жүрген сауалды да жолдап қалдық.
– Жергілікті аяқдопшылардан құралған "Байқоңыр" футбол клубының құрылғанына үш жылдан астам уақыт өтті. Құрылған мақсаты да белгілі. "Қайсарға" ойыншылар даярлау. Дегенмен, бұл жүйе жүзеге аспай келеді. Неліктен?
– Сыр өңірінде талантты аяқдопшылар "Байқоңыр" клубы арқылы өсіп келеді. Биыл "Байқоңырдан" 4 ойыншыны "Қайсарға" тәжірибе алмасуға қатарға қосылды. Алдағы уақытта осы ойыншыларды негізгі құрамнан көреміз деген ниеттеміз. Ол үшін футболшыларымыз тынымсыз еңбек етуі керек.
Осылайша Сыр спортының басшысы "Қайсардың" жеңісті жолы "Жетісудан" басталады деп қолдаушыларға сәлемдемесін жеткізді. Ендеше, сүйікті командамыз жеңілмейді деген сенімдеміз. Ерасыл ШӘРІБЕК