» » АЛТЫН КӨРСЕ АДАМДАР ЖОЛДАН ТАЯР

АЛТЫН КӨРСЕ АДАМДАР ЖОЛДАН ТАЯР

  Дүниежүзілік алтын кеңесінің 2018 жылдың 1 наурызындағы деректері бойынша, Қазақстанның алтын қорларындағы қымбат металдар резерві 303 тоннаны немесе еліміздің халықаралық резервтерінің 41,3 пайызын құрайды. Ұлттық банк алтын валюта резервтері құрылымында алтынның көлемін жылдан-жылға арттырып келеді. 2016 жылдың соңында банкте 258,1 тонна алтын (халықаралық резервтердің 27,1 пайызы) болса, 2017 жылдың желтоқсанында 291,9 тоннаға (37,5 пайыз) жетті. Қазіргі уақытта әлемнің қымбат металдар резерві бойынша еліміз 100 мемлекеттің ішінде 18-орында.
Алтын қоры бойынша әлемде АҚШ көш басында. Ел қоймасында 8133,5 тонна таза алтын сақтаулы. Бұл – АҚШ-тың валюталық резервінің 73,8 пайызы. Ал Еуропа елдерінің ішінде алтын қоры жөнінен Германия жетекші орынға ие. Шығыс Азия елдері арасында көш бастап тұрған Қытайдың резервтік қоры – 1842,6 тонна, бірақ елдегі халықаралық резервтер құрылымында алтынның үлесі небары 2,4 пайыз ғана. Бір ғажабы, алтын қоры жөнінен Ресей Қытайды қыр астында қалдырды. Ресейдің Орталық банкі жыл сайын алтын қорын арттырып отыруды дәстүрге айналдырып келеді. 2016 жылы бұл ел алтын қорын бірден 200,7 тоннаға арттырды. Бүгінде мемлекет қоймасында 1857,7 тонна металл немесе 17,9 пайыз халықаралық резервтері бар. Жапония алтын қоры жөнінен Шығыс Азия елдерінің арасында екінші орынға ие. Дегенмен бұл елдің Ұлттық алтын қоры соңғы 16 жылда өзгерген жоқ: 765 тонна. Алтын қоры мол елдердің ондығын Үндістан қорытындылап тұр.
Әзірге 18-орынға тұрақтаған еліміз таяу мерзімде алтын қорын ұлғайтып, 15-орынға көтерілуді көздеуде. Өткен жылы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бас банк ішкі нарықта алтынды сатып алу құқығынан бас тартпай, резервтерді толықтыра түсетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, оның айтуынша, Ұлттық банк алдағы уақытта да нарықтағы тазартылған алтындарды сатып ала бермек. «Егер жұмыс қарқыны сақталса, алдағы он жыл ішінде алтын қоры ең көп 15 елдің қатарына кіруіміз мүмкін» дегенді де Ақышевтің аузынан жазып алғанбыз. Алтын қоры рейтингінде өзімізден бұрын тұрған мемлекеттердің жиғанына көз салсақ, еліміздің бұл межені таяу мерзімде бағындыруға толық мүмкіндігі бар. Өйткені мемлекет жыл сайын алтын өндірісін қарқынды түрде арттырып келеді. Мәселен, 2013 жылы өндірістің бұл саласы 6,6 пайызға алға басса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 13 пайызды, 2015 жылы 26,4 пайызды құрады. Дамудың осындай қарқындылығына қарамастан 2016 жылы тағы да 17,1 пайыз өсім көрсетті. Ал өткен жылы Қазақстанда 85 029 келі өңделмеген алтын өндірілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға көп. Ал биылғы жылдың бір айының өзінде (қаңтар) өңделмеген және жартылай өңделген немесе ұнтақ түріндегі алтын өндірісі 5978 келіге жетті. Бұл 2017 жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен 8,7 пайызға артық. Әзірге өндіріс әлеуетінің бар болғаны 50 пайызын ғана пайдаланып отырмыз. Келешекте шикізатпен қамтамасыз ете алсақ, өндіріс қарқыны еселеп артары сөзсіз.
Елімізде 200-дей алтын кеніші бар. Бұл кен орындарында зерттелген алтын қорының көлемі – шамамен 1 млн 159 мың 687 келі. Алтын қорының құны шамамен 48 миллиард долларға тең. Осыдан біраз уақыт бұрын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті еліміздегі алтын қорының картасын жасаған. Зерттеу нәтижесінде ең үлкен алтын қоры Шығыс Қазақстан облысында екені анықталды. Қор көлемі – 537,5 мың келі. Ал екінші орында – Ақмола облысы, өңірде 260 мың келі алтын қоры бар. Үшінші орынды иемденген Қарағанды облысы қойнауында 114,8 мың келі алтын бар екендігі мәлім болды. Бұл өңірлерден бөлек, еліміздің тағы 8 аймағынан алтын қоры табылды. Демек, алтын өндірісінің әлеуетін арттыруға шикізат қоры жеткілікті.
Құнсызданудан қалқан  – сом алтын
Бағалы металдар нарығының болашағын бағамдаған сарапшылардың пікірінше, алтын өндірісін дамытуға деген ынта соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде артып отыр. Бұған әлемдік қаржы нарығында тұрақсыздықтың орын алуы себеп. Көптеген елдердің ұлттық валюталары әлсін-әлсін құнсыздануда. Тіпті, ақшасы мығым саналып келген Қытайдың өзі соңғы кездері долларға қатысты юань бағамын әлсіретуге мәжбүр болды. Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуы еуро мен фунт стерлингтің бағамын құбылтты. Мамандардың айтуынша, екеуі де өздерінің салмақты орындарын жоғалтып алуы ғажап емес. Халық­­аралық сарапшылар АҚШ долларының шарықтауы да өз шегіне жетті дегенді жиі айтып жүр. Қысқа күнде қырық құбылған валюталардың келешегіне күмән көбейгендіктен, нарық ойыншылары қаржыны сақтаудың тиімді жолы ретінде алтынды таңдауда. Әлемнің әр түкпірінде қаржыны алтынға инвестициялау үдерісі артып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, алтынды өз қаражаттарын сақтауды көздеген инвесторлар мен мемлекеттердің орталық банктері ғана тұтынбайды. Алтынның негізгі тұтынушысы – зергерлік бұйымдар өнеркәсібі, яғни оның қызметін пайдаланатын қарапайым халық болып табылады. Соңғы кездері миллиардтаған тұрғыны бар Қытай мен Үндістан экономикаларының көтерілуі осы елдер халқының тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартып, олардың алтынға деген қызығушылығын арттыра түсуде. Демек, мамандардың пікірінше, Қытай мен Үндістанның алтын мен бағалы металдардан зергерлік-әшекейлік бұйымдар шығару өнеркәсібі күрт дамып, алдағы уақытта алтынға деген сұранысты қазірге қарағанда әлдеқайда арттыра түсуі мүмкін.
Қазақстандық зергерлер де мысқалдап алтын сатып ала бастады. Ұлттық банк пен Индустрия министрлігі зергерлерді қолдау мақсатында жылына 300 келі алтын сату туралы шешім қабылдады. Бағалы металдың құны Лондон биржасындағы бағаммен сатылады. Осылайша, зергерлердің эксклюзив бұйымдарды жасауына мейлінше жағдай жасалмақ. Өйткені шикізаттың тапшылығынан бір кездері бұл сала біраз кенжелеп қалған еді. Егемендігімізді алып, төл мұрамызды жаңғыртуға ден қойғалы бері қолдан жасалған зергерлік бұйымдарға сұраныс артқанын аңғаруға болады.
2017 жылдың мамыр айынан бастап Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктер арқылы салмағы 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймаларды сатылымға шығаруы да алтын нарығындағы алыс-берісті ұлғайтты. Бұл құймалардың сынамасы – 999,9. Олар Қазақстанның ақша сарайында өндіріледі. Алтын құймаларды сатуды алғашқылардың бірі болып «Халық банкі», «Еуразиялық банк» және «Цеснабанк» қолға алды. Қазақстанның Халық банкі өткен жылдың 1 маусымы мен 31 желтоқсаны аралығында құны 600 миллион теңгеге тең 46,2 келі тазартылған алтын сатқан. Халық арасында әсіресе, 10 грамдық миниқұймаларды сатып алуға сұраныс жоғары. Банк былтыр 613 дана 10 грамдық алтын құйма сатқан. Ал 20 және 50 грамдық алтын құймалардың 213 және 163 данасы сатылған.
Ұлттық банк алтын құймаларды ақша айырбастау пункттерінде де сатылымға шығаруды ұсынған. Егер ұсыныс қолдау тапса, алтынға елдің қолжетімділігі арта түспек. Осы күнге дейін өз жинақтарын түрлі валютамен сақтап, олардың тұрақсыздығына алаңдағандардың біразы алтын құймаларға ауысары анық.
Алтын ұрлығы азаяр емес
Еліміз бағалы металдар өндірісін ұлғайтып, халықаралық резервтегі алтын қорын ұлғайтуға күш салуда. Алайда мемлекеттің қаншама байлығы жасырын алтын қазушылардың есесінде кетіп жатқаны қынжылтады. Қазақстанда кеніштен алтын ұрлау дерегі азаймай тұр. Соңғы бес жылда 19 мың адам алтын ұрлығымен ұсталған. Бұл ұрлық үстінде ұсталғандары, ал сытылып кеткендері қаншама?! Солардың кесірінен 2014-2015 жылдары алтын кеніштерінен 9 миллиард теңгенің өнімі алынбай қалған. Өкініштісі, байып кетем деп, майып болғандардың да саны аз емес. 2015 жылы өмірін қатерге тігіп, жер астына түскен 6 адам көз жұмды.
Алтын ұрлығы еліміздегі ең ірі кеніштердің бірі – Ақмола облысындағы Степногор ауданында жиі тіркеледі. Мәселен, өткен жылдың наурыз айында бір күндік рейд барысында ішінде алтын ұрлаған 63 адам қолға түскен. Бұдан бөлек, 2017 жылдың алғашқы 3 айының өзінде Степногорск қаласына қарасты Ақсу және Бестөбе кенттеріндегі полиция бөлімшесіне құрамында алтыны бар руданы ұрлаумен айналысқан 800 адам жеткізілген. Степногор қаласына Ақмола облысының аумағынан ғана емес, көрші облыстардан да оңай олжа іздеп келетіндердің қарасы көп. Сондықтан жол-патрульдік полиция қызметкерлері арнайы алдын алу шарасы барысында автокөліктерді жіті тексеріп отырады.
Соңғы бес жылдың статистикасы мыңдаған адамның алтын ұрлығына қатысқанын көрсетеді. Кенішке ұрлыққа түсуді баюдың төте жолы деп білетіндер қап-қап руданы жасырын цехтарға өткізеді. 2016 жылдан бері елімізде ұрланған алтынды өңдейтін осындай 75 цех әшкереленіп, 500 тонна шикізат тәркіленген. Мамандардың айтуынша, алтын ұрлығының дендеуіне заңның осалдығы себеп. Алтын ұрлаушылардың көбісі қылмыстық жазаға тартылмаған. Мәселен, соңғы бес жыл ішінде «Қазақалтын» концернінің нысандарынан алтын руда өндірген немесе ұрлаған 20 мыңнан астам алтын іздеуші ұсталған. Алайда олардың бір де біреуі қылмыстық жауапқа тартылмаған, небары 1 пайызы ғана әкімшілік жауапқа тартылған. «Қазақалтын» бас директоры Евгений Балашовтың пікірінше, мұндай жауапсыздық алтын іздеушілердің аранын ашып, небір бассыздыққа итермелейді. «Кейде барлығы қарақшылық кейпінде болады. 2016 жылы осындай бір оқиғада адамдар карьерге басып кіріп, күзетші мен тоқтатпақ болған адамдарды соққыға жыққан. Ұрланған 14 келі алтынның құны – 560 мың АҚШ доллары», – дейді ол.
Қылмысқа қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері қатысатын кездер де болған көрінеді. Мысалы, 2016 жылдың қыркүйегінде күзет бастығы мен күзетшіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оларға «Қазақалтын» кеніші аумағынан 58 миллион теңгенің алтынын алып шыққан деген айып тағылды. Мұндай келеңсіз жайттардың жиілеуіне салықтан сытылып кетуді ойлайтын алтын өндірушілердің қитұрқылығы да ықпал етіп отырғаны жасырын емес. Олар ресми қызметкерлерден бөлек, жер астында жасырын жұмыс істейтін жұмысшылар тобын ұстайтын көрінеді. Олардың қазған рудасы еш жерде тіркелмейді, яғни салығы төленбейді деген сөз.
Кеніштегі қылмыстардың жолын кесудің жолы – қолданыстағы заңнаманы жетілдіріп, бағалы металдар мен шикізат тауарлары нарығын заңнамалық тұрғыдан реттеу. Сондай-ақ, алтын рудасын ұрлаушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі де жолға қойылуы тиіс.
P.S: Жуырда Ресейдің Якутск қаласының әуежайынан ұшып шыққан ұшақтың люгы ашылып кетіп, көктен алтын шашылды. Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, ұшақ бортында жалпы құны 21 миллиард 600 миллион рубльге бағаланған алтын құймалары болған. Әрқайсысының салмағы – 20 келі. Якутск әуежайы мен сол маңайдан 172 алтын құймасы ғана табылды. Чукотсктегі тау-кен геологиялық компаниясына тиесілі байлықтың жартысына жуығы жоғалып кетті. Полиция әуежайдың маңын жауып тастап, өткен-кеткен адамдар мен жүргізушілерді тінткенімен, өзгенің дүниесін қалтаға басқандар із суытып үлгерген. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегенді ұрпағының құлағына құйып өсіретін қазақ қоғамында да алтын көрсе жолдан таятын «періштелер» азаймай тұр.
Дереккөз: https://turkystan.kz/
06 сәуір 2018 ж. 751 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031