Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде Қазақстан Президентіне партияның қазіргі қызметі жөнінде мәлімет беріліп, «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінің қорытындысы туралы баяндалды. Елбасы мемлекеттік саясатты іске асыру үдерісінде партияның жастар қанаты маңызды миссия атқаратынын айтты.
«Жас Отан» жастар қанатының съезі табысты өтті. Менің тапсырмама сәйкес, жастар арасында саяси жұмыс жүргізілуге тиіс. «Жас Отанның» мақсаты - Қазақстан жастарының барлығын біріктіру», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев съездің қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
«ІV съезге барлық облыстар мен өңірлерден 1500-ден астам делегат қатысты. Форумның бірінші күні партияның конференциясы және арнайы бес панельді сессия өтті», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан бөлек, М.Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа стратегиялық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, соның ішінде «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру үдерісіне партияның атсалысуы туралы баяндады.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысына партияның кадрлық резервін қалыптастыру барысы жөнінде мәлімдеді. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев партияның түрлі бағыттағы жұмысын жандандыру үшін бірқатар нақты тапсырма берді.