ӨРГЕ ӨРЛЕГЕН ӨРЕНДЕР

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Ұлттық республикалық және облыстық киокушинкай-кан каратэ федерацияларының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі бәсекеге республика аймағынан 14 команда, 500-дей спортшы қатысып, үздіктер анықталды.
Жарыс нәтижесінде Қызылорда облысының құрама командасы 6 алтын, 3 күміс, 3 қола медальды еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Батыс Қазақстан, үшінші орынға Қарағанды облысының командалары жайғасты.
Өңір намысын 20 спортшы қорғап, оның 12-сі жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, кумитэ бағдарламасы бойынша 10-11 жас аралығында Нұртуған Ертай (-35 келі), 12-13 жас аралығында Жалғас Анарбаев (-35 келі), 14-15 жас аралығында Әли Мейрамбек (-45 келі) пен Ислам Серікбай (-60 келі), 16-17 жас аралығында Әлішер Арман (-55 келі) және Нұрбақыт Жұмабек (18 жас, -65 келі) биік тұғырдан көрінді. Ересектер арасында сынға түскен Нұрбақыт Жұмабек ҚР спорт шебері нормативін орындады.
Нұрислам Кенжебекұлы (8-9 жас, -30 келі), Дінмұхаммед Балқашбай (12-13 жас, -40 келі) және Жеңісбек Сахи (14-15 жас, -45 келі) күміспен күптелсе, Нұржан Жанболат (12-13 жас, -40 келі), Бексұлтан Шәйділда (14-15 жас, -55 келі) және Ерсайын Тілеу (16-17 жас, -70 келі) қоланы қанжығасына байлады.
Жарыс нәтижесіне сәйкес маусым айында Астана қаласында өтетін Азия чемпионатына облыстан Әли Мейрамбек, Ислам Серікбай, Нұрбақыт Жұмабек және Айбек Шаукиловтер бақ сынайды.