«АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫ СЫР ӨҢІРІНДЕ

– Біздің гастрольдік сапарымыз Астананың 20 жылдығына арналған. Оны еліміздің алғашқы астанасы – Қызылордадан бастап отырмыз. Мұнан кейін Ақтау, Талдықорған және Алматы қалаларында өнер көрсетеміз, – деді Валерий Күзембаев.
Концерт кезінде сырбойылық өнерсүйер қауым «A fuego lento» мен «Клеопатра» балеттерінен үзінді және «Ұлы Дала мұрасы» хореографиялық миниатюрасын тамашалады.
– Көрермен назарына «Астана Балет» театрының классика, модерн, неоклассика стильдеріндегі бағдарламасын ұсындық. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына хореографиялық миниатюралар мен ұлттық балет бағдарламасының үзінділері енгізілген. Ал «Клеопатра» балетінің үзіндісі Мысыр патшайымының билік үшін таққа таласын баяндайды. «A fuego lento» бір актілі балеті алғашқы махаббаттың күшін, эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін суреттейді, – деді Айгүл Тати.
Көрермен көңілінен шыққан «Клеопатра» балетінің үзіндісі Мысыр патшайымының көпшілікке беймәлім қырларын ашқандай болды. Оның сіңлісі Арсиноянмен тақ үшін таласы шоу-қойылымның ішкі энергетикасы мен динамикасын қоюлата түсті.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА