Қазақстан «Ақылды қалалар» рейтингіне қатысады - Дәурен Абаев
«Цифрлық Қазақстан» бағдараламасы аясында «Smart city» жобасын алдымен Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды сияқты қалаларда жан-жақты енгізу жоспарланған. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама да әзірленді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінде «Smart city», яғни «Ақылды қала" жобасы әлем бойынша 2 500 қалада енгізіліп келеді. Негізгі мақсат - қала өмірін барынша автоматтандыру. «Зерттеуге сәйкес, Копенгаген теxнологиялық жағынан үздік қала болып саналады. Одан кейін Сингапур мен Стокгольм келеді. «Ақылды қала» рейтингісіне кіретін барлық қалалар нақты бір немесе екі саланы таңдады. Мәселен, Торонто қауіпсіздікке күш салса, Барселона көлік қатынасын барынша автоматтандыруды көздейді. Сол сияқты Нью-Йорк үшін күл-қоқыстың утилизациясы, Париж үшін көгалдандыру, ал Мәскеу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын таңдады», - деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында. Министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, әрбір облыс нақты бір бағытты таңдады. Атап айтқанда, Астана - қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық сала, Алматы - көлік саласын тиімді басқару, Ақмола облысы - экология, Ақтөбе облысы - денсаулық сақтау мен әлеуметтік сала, Алматы облысы - көлік кешені, Атырау облысы - ақылды басқару, Шығыс Қазақстан облысы - экология мен бизнес, Жамбыл облысы - қауіпсіздік, Батыс Қазақстан облысы - денсаулық сақтау мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы, Қарағанды облысы - денсаулық сақтау, Қостанай облысы - ауыл шаруашылығы, Қызылорда облысы - ақылды басқару, Маңғыстау облысы - білім беру, Павлолар облысы - білім беру мен бизнес, Солтүстік Қазақстан облысы - тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы, ал Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру саласында ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамытуы қажет. «Осының арқасында әрбір аймақтың өзіндік тәжірибесі қалыптасады, нақты нәтижені көруге мүмкіндік бар. Артынан оны республика бойынша таратуға болады», - деп атап көрсетті Д.Абаев. Айта кетейік, Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдерге «Smart city» аясындағы жобаларды «өз қолымен тексеріп отыруды» тапсырды. «Әкімдерге бір өтініш бар. Өздеріңіз айтқан барлық мобильді қосымшаларды алдымен смартфондарыңызға жүктеп алыңыз да, бір тексеріп шығыңыз. Өздеріңіз пайдалансаңыз, осы саладағы жұмыстың тиімділігін көруге болады», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.