Сырдарияда Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесі тойланды
Мерекелік іс-шара соғыс және еңбек ардагерлерінің, тұрғындардың қатысуымен өткен "Жасампаз жасақ" шеруімен басталды.
Шеруге қатысушылар екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысына қатысушы ата-әкелерінің суреттері ілінген тақтайшаларды қолдарына ұстап, кенттің А.Иманов, Д.Қонаев көшелерімен "Тағзым" алаңына дейін жүріп өтті.
"Тағзым" алаңында "Мәңгілік алауға" гүл шоқтары қойылып, соғыста шейіт болып кеткен майдангерлердің рухтарына Құран бағышталды.
Сонымен бірге, соғыс және еңбек ардагерлері орталық алаң аумағындағы арнайы шатырда дайындалған дәмнен соғыс уақытында қолданылған ыдыс-аяқтарды пайдалану арқылы ауыз тиді.
Мерекелік шара орталық алаңда жалғасып, аудан әкімі Ғанибек Қазантаев жиналғандарды Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады және соғыс және еңбек ардагерлеріне Құттықтау хат, мерекелік сыйлық табыс етті.
Мерекелік іс-шара барысында әскери парад ұйымдастырылды, аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекеге орай "Темірқазық" мейрамханасында аудан әкімінің соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған мерекелік қабылдауы ұйымдастырылды.