АРШАВИН ҚОРҚЫП ЖҮР
«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы ресейлік Андрей Аршавин жақын арада кәсіби карьерасын аяқтайтынын және содан қорқатынын айтты.
«Карьерамды аяқтайтын уақыт жақын қалды. Бұл әрине мені қорқытады. Бұл үрейден арыламын да, біраз уақыт өткен соң қайтадан ойлана бастаймын. Басқа футболшылардан да сұраңызшы, кәсіби мансабыңды аяқтау өте толқынысты, ауыр сәт», – дейді 36 жастағы футболшы.
Футболшы қазіргі таңда «Қайрат» сапында жарқын ойынымен көзге түсіп жүр. Айтуынша, жасыл алаңдағы ойынын аяқтағаннан кейін де осы салада қала бермек. «Нақты қандай жұмыс істейтінімді уақыт көрсетеді» дейді ол.
Аршавин «Қайрат» сапында 2016 жылдан бері ойнайды. Ресейде ол «Зенит» пен «Кубань» командаларының, Англияда «Арсеналдың» намысын қорғаған. Футболшы биылғы маусымда ел чемпионатында нәтижелі ойын көрсетуде. Маусым басталғалы бірнеше голымен және нәтижелі пастарымен көзге түсті. Соның арқасында ойыншы 51 ұпай жинап, сәуір айының үздік ойыншысы атағына ие болды.