ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖОРЫҚ ЖОЛДАРЫ

Жауынгер Жалғасбай әдепкіде Сталинград майданындағы жан беріп, жан алысқан қанқұйлы шайқасқа қатысып, жарақат алып, далалық госпитальда емделіп шыққан соң, 1 және 3 Прибалтика майданындағы 245 атқыштар дивизиясының 411-ші дербес саперлік батальон құрамында неміс фашистеріне қарсы ұрысқа түсіп, көрсеткен ерліктері үшін бірнеше рет жауынгерлік орден-медальдармен марапатталады.
Бүгінде қолымызда әкеміздің сол сұрапыл жылдардағы жауынгерлік жорықтағы ерліктерін айғақтайтын бірнеше архивтік құжаттардың мәліметі бар. Ол 1946 жылы омырауына екі «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы ҰОС-да Германияны жеңгені үшін» медальдарын тағып елге оралды.
Батыр тұлғалы жауынгер Жалғасбай әкеміздің алқашқы жауынгерлік-мемлекеттік марапаты – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ұсынған 357-атқыштар дивизиясы, 1190 атқыштар полкі командирі подполковник Жусяк пен штаб бастығы, капитан Счастнивцев қол қойған 1943 жылдың 24 қазанындағы ұсыныс-құжатты аудармасыз сол қалпында келтірсек...
«.... тов. Ж.Сыздыков при форсирований переправы реки Еменка первым выдвинулся с пулеметом и открыл огонь вдоль большака «Невель-Великие Луки» по огневой пулеметной точке противника, которую и подавил, дав возможность стрелковым подразделениям переправится через реку и обладеть большаком. Под дер. «Червухино» тов. Ж.Сыздыков активно поддерживал наступающие части огнем пулемета, не давая возможности противнику вести огонь, где и был ранен» делінген екен
Жанқиярлық ерліктерге толы жауынгерлік жорық жолынан өткен әкеміз қатаң тәртіптің адамы болған еді. Ол соғыстан кейін елімізде халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруде де қатаң тәртіптегі темір жолда еңбек ете жүріп, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды, коммунистік партия қатарына қабылданды, қоғамдық жұмыстарға да араласты. Біздер оның «мен сөйтіп едім» демейтін нағыз ерлік істің адамы екенін бала күнімізден көріп өстік.Әкемізді өз ұрпақтары мен жиендері бәріміз «папа» дейтінбіз. Сонау алыста қалған бала кезімде ата-анаммен Жосалыға сапарлап барғанымызда оның жанында отырып, кеудесіндегі орден-медальдарын қызыға ұстап: «Папа, мына орден-медальдарыңызды қандай ерлігіңіз үшін алдыңыз», – дейтінмін.
Сонда ол өзінің өн бойындағы салмақты да сабырлы қалпында: «Балам, ұрыста көппен бірге болдым,ерлікті сонда өлгендер жасады» деуші еді. Әкеміздің аузынан «соғыс» деген сөзді естіп көрмеппіз. Әрдайымда біз: «соғыс жайлы әңгіме айтыңызшы» дегенімізде: «ұрыс ешқашан қызық болмайды» дейтін. Ол ешқашан басқалардан айрықша құрмет күтпейтін-ді. Ұрпақтарын да осылай тәрбиеледі. Енді жауынгер рухты әкеміздің өзім білетін турашыл, әділдікті ту еткен адал адам ретіндегі бірер жағдайға тоқтала кетсем.
Ұлы Отан соғысында көптеген ерлік көрсеткен II топтағы соғыс мүгедегі ретінде оған да Кеңес Одағы тұсында әрбір жеті жыл сайын мемлекет тарапынан жеңіл автокөлік беріліп тұрды. Әкеміздің өз балаларының бірінде жеке көлік болса, бірі көлік жүргізушісі еді. Ал, оның өзі ешқашан көлік мініп қыдырыстамайтын. Өйткені, ол зейнеткерлік демалыста болса да, өз үйіндегі ұстаханасында тынбай еңбек етуші еді. Тек балалары демалыстарында ғана пайдаланатын. Ал, турашыл әкеміз болса көлігіне тоқсан сайын жанармайға берілетін өтемақыдан көбіне бас тартатын. Сонда ол: «Далада шашылып жатқан дүние мемлекетте де жоқ» – дейді екен. Ол сексен асқан шағында сырқаттанып жатқан әкемнің көңілін сұрай келген еді. Нағашымның аптап ыстықта автобуспен жүргенін білген әкем қайнағасы Жалғасбайға:
– Жәке, Құдайға шүкір, көлігіңіз бар, оны жүргізетін балаңызда бар, күн ыстықта автобуспен жүріп шаршайсыз ғой деген еді. Сонда сәл ойланыңқырап:
– Әзір жүріп-тұруға шамам жетеді, баланы мекеменің жұмысынан қалдыруға болмайды, – деді. Сонда да болса жасы келген нағашымның қамын жеген әкем:
– Жәке, қайтар жолыңызда мына жиенің көлікпен апарып салады деп, – мені иегімен меңзегенде ол тағы да:
– Жоқ, Болатжанның қызметі тіптен жауапты, өзім қалай келсем, солай қайтамын, – деп кесіп айтқан еді, жарықтық турашыл нағашым.
Тарих таразысында күні кешегідей күркірей өткен сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлік жасап, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған қармақшылық соғыс және еңбек ардагері, нағашы әкем Жалғасбай Сыздықов 2006 жылдың сәуірінде 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қармақшылық жауынгер Жалғасбай Сыздықовтың да өнегілі өмір жолдары кейінгі ұрпақ үлгі тұтар ғибратқа толы.
Болатбек НҰРЖ ІІО ардагері,
Әлем халықтары Жазушылар
одағының мүшесі.