Айлық өсіру үшін мұғалімдер тест тапсырады
Айлықты қосымша 50 пайызға өсіруге мүмкіндік беретін Білім және ғылым министрлігі әзірлеген Ұлттық біліктілік сынағын тапсыруға бүгінге дейін 60 мыңнан астам мұғалім жазылған. Мұны Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі мәлім етті.
- Мұғалім айлығын өсіру үшін жаңартылған білім мазмұнында
оқитын 300 мыңға жуық мұғалім қамтылды. Олардың 18 мыңы – тәжік, өзбек, ұйғыр тілдерінде сабақ береді. Мамыр айында айлықты қосымша 50 пайызға өсіруге мүмкіндік беретін Ұлттық біліктілік тестіне 60 мыңнан астам мұғалім жазылды. Біз мұны күткен жоқпыз. Бұл дегеніңіз біздің мұғалімдердің жасқанбайтынын, өз пәнін білетінін, өз-өзіне толығымен сенімді екенін аңғартады, – деді Ерлан Сағадиев. – Қазіргі таңда жаңа гранттарды бөлуге, студенттерді жатақханамен қамтуға қатысты министрлік нақты жоспар әзірледі. Үкімет қаулысы қабылданды. Қосымша 20 мың грант мамандықтар бойынша бөлінді. Әсіресе, техникалық мамандықтарға көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, инженерлер, химиктер мен ІТ саласындағы мамандарды жұмыспен қамту жағын ескердік.