Аралда зейнеткер ара өсіруді қолға алды
Қызылорда облысының Арал ауданы Құмбазар ауылының тұрғыны Серік Якудаев ара өсіруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 42 жыл ветеринария саласында қызмет атқарып, зейнет демалысына шықан ол ара өсіру ісіне ден қойды. «Қызылорда қаласына барып, омарташылардан сабақ алып, 15 күндей арнайы курстарда оқып қайттым. Ара шаруашылығы мені бірден-ақ баурап алады. Әбден ізденіп, жан-жақты саралаған соң, бар білім-білігімді салып, бизнес жоспар дайындадым. Жоспарын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына ұсынып, көп уақыт өтпей-ақ, жоба үздік деп танылды. Сөйтіп, маған «Даму» қоры қайтарымсыз грант тағайындады», - дейді Серік Якудаев. Кәсіпкер «Даму» қоры арқылы 1 млн 275 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған соң, аталған қаржыға 20 ұя «карпат» тұқымды ара мен бал өндіруге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. «Қасыма көмекші ретінде бір жұмысшы бекіттім. Бастапқыда жергілікті ауа райының құбылмалығы аралардың үйренісуіне қиындық туғызды. Сондықтан, оларды 20 күндей қолдан шәрбат дайындап бақтым. Артынша, дарияның жиегіне апарып орналастырдым. Мұнда оларға азық боларлық жыңғыл, алма, өрік, шие гүлдеп жатыр. Аралар бал жинауды бастап кетті», - дейді омарташы. С.Якудаевтың айтуынша, аралар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Үнемі қозғалыста болады. «Аралар тазалықты жақсы көреді. Ұясының ішінен бір араның өлексесін, болмаса басқадай қоқыстарды кездестірмейсің. Ал, шеберлігіне тіпті таң қаласың. Біз рамкасын жасап, бетіне арнайы жабыстырғыш дәкені бекітеміз де оның үстіне аралар алты бұрышты етіп бал жинайтын ұяшықтарын өріп шығады. Бұл жұмыстары адам қолымен жасаса да, мұндай мінсіз шықпас еді», - дейді омарташы. Мамыр айының ортасынан бастап тамыз айына дейін жиналған балды алуға мүмкіндік бар. Бір ұядан аптасына 6-7 келі бал алынса, бір маусымда 100-200 келіге дейін бал қолға тиеді. «Мен бұл кәсіпті қолға алғанда толағай табысқа кенелсем деген жоқпын. Құдайға шүкір, балаларымның бәрін үйлі-жайлы қылдым. Өзім де заманымда еңбегіммен халқыма абыройлы болдым. Осы кәсібім жанданып кетіп жатса, жетім-жесірлерге, мүгедек жандарға, мешітке, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетсем деймін. Бұлай жасауға міндеттімін де. Өйткені, Құрандағы ара сүресінде: «Арадан түскен пайданың он пайызын мұқтаж жандарға, он пайызын туысқандарға көмек ретінде бер», делінген. Және базарға бара қалсаң, түрлі қоспамен жасалып келген сырттың өнімдерін аламыз. Осыны да ескеріп, аудан халқын табиғи таза өніммен қамтамасыз етсем», - дейді кәсіпкер.