» » ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Менің арманым
   Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап кез келген адамның өлшеулі өмірден өз орнын табуы – заңдылық. Әрбір адам есейіп, ой-санасы қалыптасып, болашаққа жоспар жасау барысында бір мамандық иесі болуды көздейді. Балалық шағынан арман еткен, өзінің жан-тәні қалаған жұмыспен айналысқанға не жетсін?!
Мен Қызылорда қаласындағы №15 мектеп-лицейінің он бірінші сынып оқушысымын. Алдыма қойған мақсатым  – ойы иірімді, шындықты қаламға арқау ететін, халық қамын ойлайтын журналист болу.
Кішкентай кезімнен сахнада ән айтатын сыңғырлаған дауыс иесі болсам деп армандаушы едім. Жақын достарым, туыс әпкелерім «сенің дауысың бар, әнді жақсы айтасың» дегенде, қуанышымда шек болмайтын. Айнаның алдында тұрып, жан-тәніммен беріліп, екі көзімді тарс жұмып, бар дауысыммен ән салатынмын. Алайда анам бұл іс-әрекетіме жылы шырай таныта қойған жоқ. Сондықтан ән айтсам деген арманымды жылы жауып қойдым. Мен анамның қарсылығына мүлдем ренжімеймін, тіпті қуанатын да сияқтымын. Себебі шығармашылықпен айналысатын журналистика деген сала бар екен. Сахнаға шықпасам да, сахнада жүргендер туралы жазамын, ақпарат беремін, өнерді насихаттаймын. 
Осыдан бір жыл бұрын «Медиа жұлдыз» мектебі журналистика саласына бейімі бар жастарға көмек беретінін  хабарлады. Анама журналистика саласының ұнайтынын айтқанымда маған қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қуанышымда шек болған жоқ. Осылайша «Медиа жұлдыз» тыңдаушысы ретінде өзім сияқты  арманы биік, мақсаттары айқын, жайдарлы жаңа достармен таныстым. Онда баспасөз, телеарна салаларының қыр-сырын теория жүзінде ғана оқып қоймай, практика жүзінде іске асыра білдім. Алғаш камера алдындағы қорқыныш, қобалжу сәттерін басымнан өткердім. Сахна алдында актерлық шеберлік жағынан да өз-өзімді сынап көрдім. Ақпарат алаңында шыңдалған, қайнаған қызу қоғамның ортасында жүрген Руслан Жылқыбай, Нұрбек Бекбау, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мұхтар Ниязов, Сырым Әуезхан сынды белгілі тұлғалардан дәріс ала отырып, ой-өрісімді одан әрі дамытқандай болдым. Бұл кезең менің журналистикаға деген қызығушылығымды арттырып, болашағымды айқындап бергендей болды.
Сол сәттен бастап әдеби кітаптар, газет-журналдарды көп оқи бастадым. Журналист болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болу қажет, қалай еңбек ету керек деген сұрақтарға жауап іздедім. Байқап қарасам, журналистика саласы – тіршіліктің қайнаған көрінісі, нағыз шығармашылық алаңы екен. Қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін, жан-жақты білімді талап ететін сала.
         Бүгінде менің газеттерде «Латын әліпбиі жаһандануға барар жол ма, әлде бір ғасыр артқа шегіну ме?», «Елін сүйген, елі сүйген-Елбасы», «Астана – болашақтың қаласы» тақырыптарында мақалаларым жарық көрді. «Мың бала» кітабына да ендім. Аты-жөніңді газет-журнал беттерінен көру сондай бір ғажап сезім екенін айтып жеткізе алмаспын, сірә! Мен журналистика саласына аяқ басамын. Ұлы мұраттарға жетер жолда жасалатын, әрбір кішкене қадам өз жүрегіңнің сүйіспеншілік түкпірінен шығар болса, шынайылық пен жауапкершілік оған серік болса, жетістігіміз мол болары сөзсіз.
 Аружан НАРТАЙ
                           
23 мамыр 2018 ж. 1 671 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031