» » ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Ұстанымсыз адам ескексіз қайықпен тең. Бұл қағида адам баласының рухын биік ұстауға, алға өзін жетелей білетін қиын сәтте жанға демеу беретін құдіретті күш деп ойлаймын.   
    Әр адамның жан дүниесінде, жүрек түкпірінде тамыр жайған арманы, өмірлік ұстыны болады. Олар сенімен бірге өседі, өркендейді. Дәл осындай аласармайтын асқақ арман, балаң жүрегімнің қалауы менде де бар. Ол–қаламы қарымды журналист болу. Балауса бала күндерімнен ойыма оралған орамды ойлардың бәрін қаламның ұшымен ақ парақ бетіне түсірдім. Кітап пен газет оқуды машыққа айналдырдым.Теледидар бағдарламаларын, жүргізуші аға-апаларымыздың татымды сөздерін тұшына тыңдадым. Көркем әдебиет кейіпкерлерімен сырласып, жақсысына еліктеп, жаманынан жиреніп өстім. Тіпті менің кейбір мінез иірімдерім, сөйлеу мәнерім, әдебім сол кейіпкерлерге ұқсап кетеді десем қателеспес едім. Есейе келе, журналист болсам деген шешімге біржола бекіндім.
 Журналист – қарапайым халық пен  жоғары билік арасындағы алтын көпір. Тек шындықты айтатын рухы биік адам ғана осы мамандықты меңгере алады. Менің түсінігімде ол – сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан дүниесі әсем, кез-келген кейіпкермен тіл табыса алатын адам. Бұл мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін терең түсінемін. Оның қыры мен сыры, күнгейі мен теріскейі, алына бермес асуы мен асқары бар екенін сеземін. Ол өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Қажет болса, сот процестеріне қатысады, қылмыстық оқиғалардың басы-қасында жүріп, репортаж жүргізу үшін басын бәйгеге тігіп, қауіпті жерлерге де сапар шегеді. Осы "тар жол, тайғақ кешулерде" шаршармын, кейде "адасармын", бірақ көздеген мақсатым–түбірлі де түбегейлі шешім.
Елбасы Жолдауында "Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында" деп айтылғандай, еліміздің үкілеген үміті біз боламыз деп ойлаймын. Сол үшін тамырымызда бүлкілдеп соғып жатқан рухани қасиеттерімізді  қайта жаңғыртып, ұлтымыздың ұлы мұраларының қайнар көзінен сусындап өсуіміз қажет.
Мен де жоғары білім, болашағыма бағдар алып, халқыма адал қызмет атқарғым келеді. Оған мен өмір сүріп отырған  тәуелсіз елде толық мүмкіндік бар. "Халықтың көзі, құлағы һәм тілі" болып, ағынан жарыла жақсылыққа қуанатын жаршы, әділетсіздікке қарсы тұрып, әділдіктің ақ туын желбіретуге атсалысамын. Сол жолда ұшқыр ойыммен, киелі қаламыммен қасқайып қарсы тұратын асқақ ойлы азамат болғым келеді. Жан-жақты дамыған, озық елдердің қатарына енген, рухани бай, экономикасы қарыштап дамыған, бірлігі бекем іргелі елімнің гүлденген өмірі, тыныс-тіршілігі менің жазбаларымның алтын арқауына айналар...
Әлішер МАРАТҰЛЫ,
№210 О.Әбілпаттаев атындағы
 орта мектебінің 11  оқушысы.
Сырдария ауданы.
15 желтоқсан 2017 ж. 2 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031