Батут қаншалықты зиян?
Балалардың батутпен ойнау кезінде жазатайым жайттан жеңіл жарақатпен оңай құтылатындар да, ауыр жарақат алып, қаза болғандар да бар.
Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылғы 4 мамырда Астана қаласындағы сауда үйлерінің бірінің жанында қатты соққан желдің әсерінен балалар батуты аударылған. Осы оқиғаның салдарынан бес адам ауруханаға жеткізілді. Батуттан зардап шеккенрдер жалғыз олар емес. Байқап қарасақ, балалар да, ересек адамдар да батуттан жарақат алған екен. Көбінесе оған қатты жел мен батут орналасқан жердің әлсіздігі себеп болады.
Осыған ұқсас Қазақстанда болған батут оқиғаларын тізіп көрейік:
2011 жыл, Маңғыстау облысындағы Мұнайшы ауылы
24 мамырда Маңғыстау облысының Мұнайшы ауылында батутта секіріп ойнап жүрген 14 бала зардап шекті. Оқиға салдарынан 4 бала жан сақтау бөліміне түсті. А. Б-тың бас сүйек сынығына ауыр ота жасалды. Қыз бала комада үш ай жатты. 2011 жылдың 19 тамызында бала қайтыс болған. Осы оқиғадан кейін сол кезде Қазақстан Парламентінің төменгі палатасының депутаттары аттракциондардан сертификат талап етуді ұсынды. Мәжіліс депутаты "аттракциондарды арнайы органдар қадағалауы керек" деді.
2015 жыл, Астана қаласы
Балалар секіріп ойнап жүрген батут өзенге қарай ұшып кетті. Батут қалалық жағажайда орналасқан еді. 19 маусымда қатты соққан жел 14 баламен бірге батутты өзенге ұшырды. Құтқарушы патруль екі катермен бірге батутты жағаға шығарғысы келген, бірақ одан ештеңе шықпады. Құтқарушылар балаларды катерге мінгізіп, жағаға аман алып шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ.
2016 жыл, Степногорск қаласы
"Сібір" сауда үйінің жанында тұрған батут қатты желге шыдас бермеді. Балалармен бірге бірнеше метрге ұшқан батут оларды үстерінен жауып қалды. 6 бала жеңіл жарақат алды.
2017 жыл, Павлодар қаласы
2017 жылы Павлодарда ойынның арты қайғыға ұласа жаздады. Екі жастағы қыз батутта ойнап жүргенде қатты жел тұрып кетеді. Қыздың анасы қызын құтқару үшін аттракционға шығады, бірақ батут желдің ырқымен дөңгелене берген. Анасы қызымен бірге батутта қанша уақыт болғанын білмейді, тек жан сақтау бөлімінде ғана есін жиған. Қолы сынып, бас сүйегі жарақаттанған және құлақ жарғағы жыртылған. Қызының аяғы сынып, бетіне қанды ісік жиналған. Кейін анасы мен қызынан бөлек, ауруханаға жастары 2-5 аралығындағы үш бала жеткізілген. Медициналық көмек алған соң ол балалар үйлеріне жіберілген.
Қазіргі таңда жоғарыда аталған мәселе ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органның бақылауында.
Балалардың батутпен ойнау кезіндегі қауіпсіздігін сақтау ережелері төмендегіше:
- Желдің, дауылдың болатыны жөніндегі дабылды ескерту түскен жағдайда ойын батуттарын құрмау;
- Батуттардың төлқұжатындағы нұсқауға сәйкес батутты орнату және қосымша тіреулерді қолдану;
- Мүмкіндігінше батуттарды ашық жерге орнатпау, орналасқан жері тегіс, құрғақ болуы қажет;
- Батуттарда қызмет көрсететін қызметкерлер саны 2 адамнан кем болмауы қажет;
- Ашық отты пайдаланатын орындардан және автожолдардан арақашықтықты (10 м. кем емес) сақтау;
- Батутқа қатысты төтенше жағдайлар орын алған жағдайда жауапкершілік меншік иелеріне жүктеледі;
- Батутқа жүргізілген электр жүйелерінің ақаулығын тексеру;
- Жергілікті атқарушы органдардың келісімімен белгіленген орынға орнату;
- Қызмет көрсетушінің техникалық қауіпсіздігі бойынша оқудан (оның ішінде медициналық қызмет көрсету саласымен бірге) тиісті мекемелерден дәріс алғандығы жөнінде куәлігі болуы қажет;
- Батуттың жанында алғашқы медициналық қобдишасы мен алғашқы өрт сөндіру құралдары (батуттың шаршы метріне қарай өрт сөндіргіш ОП-5) болуы қажет.
Қорыта келгенде балалардың қауіпсіздігін сақтау үлкендердің міндеті және парызы.
Қызылорда облысы ТЖД
Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы
Т.Еркебаев