» » ТАКСИСТ ЖАЙЫН КІМ БІЛЕР?

ТАКСИСТ ЖАЙЫН КІМ БІЛЕР?

Бір күннің үзігі
  «Жол мұраты – жету» демекші, бүгінгі күні діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне такси қызметіне жүгінеміз. Алайда бұл қызметтің байыбына бармаған соң, онша түсіне бермейтініміз рас. Қала көшелеріндегі зулап жатқан көліктің жартысынан көбі такси қызметін атқарады. Бір күндік жұмысының нәпақасы күнкөріске жарай ма деген сауалдың жауабын іздеу үшін бір сәт таксист болып көрдік.
Бір ескеретін жайт, біздің қаланың тұрғындары "такси" белгісі болмаса көлігіңізге міне бермейді. Бүгінгідей ақпарат ағыны мол заманда жағымсыз оқиғаларды жиі естіген сайын қауіпсіздік туралы ойласа керек. Сондықтан арнайы "Жаңа базарға" барып, такси белгісін 1200 теңгеге сатып алдым.
Көлігімнің үстіне «такси» екенін айғақтайтын белгіні салып, "таксист" қызметіне ене кеттік. Алдымен Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы көлік тұрағында тоқтап, кезекке тұрдым. Жолаушыны мінгізу үшін алдымдағы 6 көлікті шығарып салуым керек. Не керек, кезекте тұрған әріптестермен танысып, әңгіме жарастырдық. Барлығы дерлік Маханбет ауылының тұрғындары екен. Қоғамдық көлік тоқтаған сәтте қаладан қайтқан ауыл тұрғындарын бас-басына 200 теңгеден жеткізетін көрінеді. Әріптестер арасынан Дархан есімді азаматпен әңгімеміз жараса кетті. Негізгі қызметі вахталық жұмыс болғандықтан 15 күндік демалысын "таксиге" арнайды екен.
– Астымдағы тұлпарымды несиеге алғандықтан ай-сайынғы төлемді осы қызметтен табамын. 15 күн ішінде бензин пұлдан бөлек 50-60 мың табысқа қанағат етемін. Жақында такси қызметкерлері де салық төлейді деген жаңалықты естідім. Бұл мейлінше көңілге қонымсыз. Егер салық төлейтін болсақ, жағдайымыз қиындай түсетіні анық,-дейді ол.
Таксопарктегі диалогта бір сағат уақыт желге ұшыпты. Осы уақыт аралығында тек 3 көлік кетіпті. Шыдамым таусылған соң Жібек жолы көшесінің бойымен қала орталығына қарай қозғалғаным сол еді, "Small" сауда орнына жетер-жетпес тұста қол көтеріп тұрған алғашқы "клиентті" байқадым. Екі аралықта бес-алты метрдей бар еді, кенет қайдан келе қалғанын байқамай қалдым, дәл алдыма «Мазда» автокөлігі жарығын жарқ-жұрқ еткізіп тоқтай қалды. Санаулы секундтардан соң жарығы жарқылдаған «Мазда» жолаушыны отырғызып алып, алға қарай жылжи берді. Алғашқы жолаушымды осылайша көз алдымда «қағып алып кетті». Сол мезетте көзім жетті, қаладағы таксистер жолаушыларды күтіп бір орнында тапжылмастан телміріп тұрмайтын болып шықты. Көше бойлап отырып, қол көтеріп тұрған жолаушыны байқаса, соған тезірек жетуге ұмтылады. Кейде жол-көлік апатының болып жататыны да осыдан. Көңіл күпті. "Арайға" дейін жол бойынан жолаушы көрінбеді. Кенет "Арай" аялдамасынан 3 жігіт тоқтатты.
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмассалам!
– Универсамға дейін қанша болады?
Аздап абдырап, ауызға келгенін айта салдым.
– 300 теңге. Үшеуі мен айтқан сомаға келісіп, көлігіме жайғасты. Байқауымша, үшеуі де студент. "Таңертең емтиханнан кешігіп қалмайық" деп бір-біріне сыбырласуда. Діттеген жерге лезде жетіп, алғашқы ақша алақанға тиді. Көңілім аздап болса да көтерілді. Келесі "клиентті" мінгізуге асықпын. "Универсам" орталық болған соң келім кетім адам көп. Арасынан такси көмегіне жүгінетіндер болып қалар деп жан-жағыма қарайлар қоямвн. Көздегенім "Браунис" дәмханасы. Не де болса сол жерден шығып қалар деген үміттемін. Үмітім үзілмей "Браунистен" бір бойжеткенді ала кеттім. "Западқа" 500 теңгеге апаруымды өтінді. Бұ жолы жолаушының айтқан бағасына келістім. Көлікке мінгеннен ұялы телефоннан аузы босаған жоқ. Журба көшесіне беттеген сәтте, көтеріңкі дауыспен тұтқасын қойды.
– Қазіргі жігіттер қатты қызғаншақ,-деді әңгімесін бастап.
– Неге олай дедіңіз?
– Жігітіммен жүргеніме 3 жыл уақыт болды. Осы аралықта көп нәрсеге шектеу қойды. Тіпті, құрбыларыммен кездесудің өзі мұң болды. Тұрмыс құрсам не болар екен а?
– Мүмкін қатты жақсы көргеннен шығар...
– Білмедім. Махаббат деп біраз нәрседен құр қалдық,-деп езу тартты.
Расында, қазіргі жігіттердің бір кемшілігі осы шығар. Қызғанамын деп қалауының көңілін қалдырады. Махаббат тақырыбы қозғалғасын ба, әйтеуір "Западқа" қалай жеткенімізді аңғармай қалыппыз. Бойжеткенді діттеген жеріне жеткізіп, қызметті әрі қарай жалғастырдық.
Қала көшелерінде бір жолаушы үшін екі-үш таксидің «кезекке» тұратынын қызметте жүріп, байқадым. Жолаушылар да әккі болып алған ба деймін, кезекте тұрған таксистерді байқаған соң, жолақысын да азайтуға тырысады екен. Екі-үш таксидің біреуі оның айтқан бағасына, амал жоқ, келісетінін біледі. Олар келіспеген күннің өзінде араға бір-екі минут салып басқа таксилер жетіп келеді. Осыны біліп алған жолаушылардың «қып-қызыл саудаға» баратынын көрдім. «Келіспесеңіз, басқа таксиге мінемін» деп қасқайып тұрады.
Түн бел ортасынан асып, үйге қайтуды жөн көрдім. Таксист қызметінің күрделі екенін кейпіне енгенде толықтай көз жеткіздік. Жолаушымен тіл табысудың өзі үлкен жауапкершілік. Сондықтан таксистің жайын таксист білер...
Ерасыл ШӘРІБЕК
24 мамыр 2018 ж. 958 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031