Ұлттық құрама бапкерін ұрып кетті
Украинадағы Одесса қаласының «Черноморец» футбол клубының жанкүйерлері футболдан Қазақстан жасөспірімдер мен жастар құрамасының бұрынғы бапкері Константин Фроловтың көзін көгертті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА
Оқиға «Полтава» мен «Черноморец» арасында өткен Премьер-Лиганың жауапты плей-офф матчынан кейін болған. Бұл ойында одессалық клуб 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы кездесуде Фроловтың командасы 1:0 есебімен басым түскен еді. Команданың осы нәтижесіне көңілі толмаған одессалық жанкүйерлер «Черноморец» командасының бапкеріне шабуыл жасап, Фроловтың басынан бірнеше рет ұрған. Шабуыл салдарынан бапкердің сол көзінде гематома пайда болды. Осы оқиғадан кейін Фролов стадионнан асығыс кетіп қалған. Украиндық маман Константин Фролов 2012-2014 жылдары Қазақстан футбол федерациясының спорт директоры Анатолий Юревичтің шақыруымен 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері болып жұмыс істеген болатын. Украиндық бапкер ешқандай есте қаларлық әрекетімен ерекшеленбестен, Еуропа чемпионаты-2014 іріктеу турнирінде құрама жеңіліске ұшырағаннан кейін қызметінен кеткен еді. Фролов Қазақстаннан кейін Грузияда батумилық «Шукуру» және «Динамо» командаларын басқарды. Соңғы екі жылда «Черноморец» футбол клубының бапкерлік штабына кірді. Биыл қаңтардан бастап осы клубтың бас бапкері.