Тұрсынбектің гонорарын естіген той иесі әзілкешті сынап тастады
“Әзіл әлемі” театрының жетекшісі, танымал актер Тұрсынбек Қабатов – еліміздегі қаламақысы ең жоғары асаба. Ол бір тойдан 5 миллион теңге көлемінде пайда табады. Мұны естіген той иелерінің бірі жағасын ұстап, актерге жанайқайын жеткізді.
Бұл туралы Hit-TV арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
“Бұл 5 миллион деген баға миға сыймайды. Жағдайы барлар жасар, шақырар, бірақ оны қарапайым халық көргісі келеді. Соларға қарап кейінгі шыққан жұлдызсымақтар бағасын көтеріп жібереді”, – дейді Әділет Қайратұлы есімді той иесі.
Ал той ұйымдастыру орталығының басшысы Асқар Әмірбек актердің қаламақысы өзіне лайық екенін қадап айтты.
“15 мың доллар деген көп ақша емес. Неге десеңіз, біздің небір қалталы бизнесмендеріміз бар. Ресейден Ургантты, Малаховты, Галкинді шақырып жатады. Оларға 40-50 мың долларды аямай төлейміз, ал бірақ өзімізге келгенде қиналып қаламыз”, – дейді ол.
Ал танымал тележүргізуші Тахир Сұлтан Тұрсынбектің әрекетін “тәлпіштікке” теңеді.
“Тұрсынбек Қабатов 5 миллионға шықсын, 10 миллионға шықсын, егер расында ол кісінің қызметі соған лайық болатын болса… Дегенмен 5 миллион теңгеге бір жүргізушіні шақырып, той жасау – ысырапшылдық”, – деді ол.