» » КИЕВТЕГІ ФУТБОЛ ТОЙЫ

КИЕВТЕГІ ФУТБОЛ ТОЙЫ

Теңбіл доп
   Футболдан 2017-2018 жылғы Еуропа Чемпиондар лигасының тағы бір маусымы тарих қойнауына енді. Киевте өткен турнирдің финалдық бәсекесі «Реал» мен «Ливерпуль» арасында өтіп, төрт гол соғылған ойында Мадрид командасының жеңісімен аяқталды.
Кездесу алдында
Футбол тойы шымылдығын ашпай тұрып, «Ливерпуль» футбол клубының белді ойыншысы Мұхамед Салах Чемпиондар Лигасының финалы жайлы орамды ойын жанкүйерлерге жеткізді.
– Бұл ойын әрқайсысымыз үшін өте маңызды. Бірақ осыған дейін айтып өткенімдей, өзімізге қосымша жүк артып, бекерге қобалжудың қажеті жоқ. Соңғы матчтарда көрсеткен ойынымызды қайталау керек. Бұл кездесудің қала үшін, әлем үшін маңызы зор, -деді ол.
Матч монометрі
"Реал" мен "Ливерпуль" бұған дейін 5 рет  кездескен. 2 ойында "Реалдың" мерейі үстем болса, қалған 3 ойында "Ливерпульдің" жеңісі тіркелген. Сондықтан бұл кездесуде де тең нәтиже тіркелмейтінін статистикадан-ақ байқауға болады.
Стадиондағы сәттер
Алғашқы таймда гол соғылмаса да ойын тағдырына әсер етуі әбден ықтимал жағдай орын алды. Бірінші таймның орта тұсынан асқанда «Ливерпуль» командасының шабуылшысы, АПЛ-дің биылғы үздік сұрмергені атанған мысырлық Мохамед Салах жарақат алып, ойынды ерте аяқтауға мәжбүр болды. Арада жеті минут өткенде «корольдік клубтың» қорғаушысы Даниель Карвахаль да жарақат алып, ойынды алаң сыртынан тамашалады. Шетелдік БАҚ өкілдерінің жазуынша, Салахқа қарағанда Карвахальдың жарақаты тым ауыр. Испаниялық футболшы Ресейде өтетін әлем біріншілігіне бара алмауы мүмкін. «Салахтың жарақаты жеңіл, екі аптадан соң қайта өз қалпына келеді»,- деп мәлімдеді Мысыр спорт министрі Холид Абдулазиз. Екінші тайм Мадрид ұжымының допқа иелік етуімен басталды. Жыл сайын еурододалардың финалында ойнап жүрген «Реал» командасының футболшылары өз тәжірибелерін көрсетті. Ойынның 51-минутында Бензема «Ливерпуль» клубының германиялық қақпашысы Лорис Кариустың қателігін тиімді пайдаланып, ойында есеп ашты. Жанкүйерлер екінші голды көп күткен жоқ. Ағылшын командасы қақпасына өткізіп алған голдан 4 минуттан кейін есепті теңестіріп кетті. Бұрыштамадан әуелете көтерген допқа бірінші болып жеткен Мане Навас қорғаған қақпадан саңылау тапты. Есеп теңескен сол «Реалдың» бас жаттықтырушысы Зидан маңызды қадам жасады. Матчтың 61-минутында Исконың орнына Гарет Бэйлді шығарып, өзінің көрегендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алаңға шыға салысымен алға қарай лап қойған Уэльс құрамасының шабуылшысы 64-минутта «Ливерпуль» қақпасына шебер орындалған әдемі гол соғып, командасын есепте тағы алға шығарды. Бэйлдің қайшылай соққан голын бүкіл әлем жанкүйерлері осы маусымның үздік голы деп баға беріп жатыр. Бэйл мұнымен тоқтаған жоқ. Үнемі шабуылға араласып, қақпа маңында қауіп төндірген уэльстік футболшының гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Матчтың 83-минутында Бэйл ойындағы үшінші, өзінің екінші голын салып, «Реалға» маңызды жеңіс сыйлады. Сонымен қатар ол Чемпиондар лигасының финалында қосалқы құрамнан алаңға шығып, дубль жасаған тарихтағы тұңғыш футболшы атанды. Осылайша, Чемпиондар лигасының финалы Бейлдің бенефисіне айналды. «Реал» Чемпиондар лигасында 13 мәрте жеңімпаз атанды. Бұл рекорд біраз уақытқа дейін бұзыла қоймайтыны анық. Екінші орында 7 кубокпен «Милан» командасы келеді. Ал «Барселона», «Бавария» және «Ливерпуль» клубтары бес реттен жеңімпаз атанған.
 «Реал Мадрид» — «Ливерпуль» 3:1 (0:0)
Голдар: 1:0 – 51 Бензема, 1:1 – 55 Мане, 2:1 – 64 Бэйл, 3:1 – 83 Бэйл.
«Реал Мадрид»: Навас, Карвахаль (Начо, 37), Варан, Рамос, Марсело, Модрич, Каземиро, Кроос, Иско (Бэйл, 61), Бензема (Асенсио, 89), Роналду.
«Ливерпуль»: Кариус, Александер-Арнолд, Ловрен, ван Дейк, Робертсон, Вейналдум, Хендерсон, Милнер (Джан, 83), Салах (Лаллана, 30), Фирмино, Мане.
28 мамыр 2018 ж. 770 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031