МЕНИНГИТ БОЙЫНША ОБЛЫСТА ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Менингококты инфекция жұқтырған жаңа деректер тіркелген жоқ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысы Ұлбосын Аханаева мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыста менингококты инфекция жұқтырған 1 жағдай тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция анықталған. 27 жастағы азамат аудандық ауруханаға жатқызылды. Алайда, дәрігерлер науқасты аман алып қала алмады, азамат 2 маусымда аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Департамент басшысының айтуынша, ауру ошағы болған Жаңақорған ауданында менингококты инфекция анықталған жоқ.
- Бүгінгі таңда науқаспен қарым қатынаста 65 адам болғаны анықталды. Олардың барлығынан анализдер алынып, зертханалық тексерулер жүргізілді. Олардың нәтижесі бірер күнде қолымызға тиеді. Қазіргі кезде 15 адамның зерттеулері қолымызда бар, оның 4-і отбасы мүшелері, 11-і науқаспен қарым-қатынаста болған бірге жұмыс істеген әріптестері. Анализ қорытындылары теріс. Менингококты инфекция анықталған жоқ. Қарым-қатынаста болғандардың барлығын 10 күн бойы бақылауда ұстаймыз, - деп атап өтті Ұлбосын Аханаева.
Сондай-ақ, бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған арнайы штаб өз жұмысын жалғастыруда.
- Қазіргі кезде эпидемиологияға қарсы және профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Аудандық аурухана қызметкерлері үй аралау арқылы аталған сырқатқа күдіктілерді анықтау жəне ақпараттандыру шараларын жүргізуде, - деді Ұ.Аханаева.
Айта кету керек, облыста менингитке қарсы екпе егу жұмыстары басталды.
Департамент басшысының айтуынша, өңірімізге екпелер Бельгия мемлекетінен жеткізілді. Алайда, менингитке қарсы егу Қазақстанның Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілмегендіктен, ол ақылы. Екпе 23 мың теңге тұрады. Сонымен қатар, вакцинациялау №6 қалалық емханада жүргізіледі. Бүгінде 2 адам екпе ектірген.