Жастарға бағыт-бағдар берілді

Кездесуде вице-министр Н.Әлтаев еңбек нарығына әсер ететін негізгі мамандықтарды таңдау қажет екенін атады. Мәселен, 2035 жылға дейін туризм, білім, көтерме, бөлшектелген сауда, көлік және логистика және тағы басқа салада 932 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын, сонымен қатар өңдеу және тау-кен өндірісі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы бағыты бойынша 441 мың жұмыс күші босап қалуы мүмкін екенін алға тартты.
– Оқу мен ізденіске талпынған әрбір адам қоғамдағы өзгерісті тез игереді. Бұрын мұндай қасиеттер тек кәсіпкер мен көшбасшының бойынан табылатын еді. Ал қазір еңбек нарығында әрбір адам бизнесмен ретінде стратегиясын ойлауы қажет. Сондықтан мамандық таңдағанда қоғам сұранысын зерттеген жөн, – деді Нұржан Әлтаев.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын автоматтандыру және жаңа технологияның іске қосылуымен түрлі салада жұмыс күші азаяды. Осыған орай, министрлік жанындағы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бағалауы бойынша 2022 жылға дейін экономикада ақпаратты дайындау жөніндегі қызметші, құжатты рәсімдеу, тіркеу, қызмет көрсету саласына білікті маман қажет. Мысалы, дәнекерлеуші, ветеринар, краншы, осы мамандықтар 2022 жылы 9,4%-ға артады. Маркетолог қызмет көрсету, инженер, және техника саласы мамандарының тапшылығы сезіледі.